АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 178-ракеткасы Тимофей Скатов Уимблдон турнирі іріктеу сайысының финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші іріктеудің жартылай финалында әлемнің 185-ракеткасы, швециялық Элиас Имермен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте Тимофей брейк жасап, сол басымдылығын сақтай алды — 6:4.
Екінші сетте Т.Скатов 4:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді — 6:1.
Бір сағат 9 минутқа созылған бәсекеде Скатов 3 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Имер 6 эйс жасағанымен, 5 брейк-пойнтты пайдалана алмады.
Тимофей Скатов іріктеу сайысының финалында әлемнің 136-ракеткасы, франциялық Кириан Жаке немесе рейтингіде 229-орындағы италиялық Андреа Гуэрриридің қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Болгариядағы жарыста үздік шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.
Жібек Құламбаева Польшадағы турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).