ТМД елдерінде жасырынған қылмыскерлерді іздеу жеңілдейді — Құрылтай заң қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтай отырысында «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң екі оқылымда талқыланып, қабылданды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, хаттамамен шартқа ТМД мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында электрондық форматта ақпарат алмасуды регламенттейтін өзгерістер енгізу көзделген. Бұл ретте шартқа қатысушы елдердің құқық қорғау органдары адамдарды мемлекетаралық іздестіруге қатысты құжаттармен алмасу мақсатында ведомстволық электрондық пошта серверлерін пайдаланады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Адамдарды мемлекетаралық іздеу туралы шарт біздің елімізге шетелде қылмыстық қудалаудан немесе сот үкімін орындаудан жасырынып жүрген адамдарды тиімді іздеу үшін қажет. Шарт аясында біз іздеудегі адамдардың жүрген жерін анықтау және оларды белгіленген тәртіппен беру мәселелері бойынша ақпаратпен алмасамыз. Көптеген жыл бойы осы шарт аясында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Оның нәтижесінде көптеген оң практикалық нәтижелерге қол жеткізілді. Оның еліміз үшін пайдасы — осындай адамдарды іздестірудің тиімділігін арттыру және оларды жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету. Бүгінгі күнде біздің елден басқа барлық мемлекетте хаттама ратификацияланған, — деді ол.

Осыдан кейін Құрылтай депутаттары заң жобасына қатысты баяндамашыға сауалдар қойды. Мәселен, депутат Тілектес Адамбеков адамдарды іздестіру туралы барлық ақпарат шектеулі деректерге жататындығына назар аудартты. Оның айтуынша, аталған хаттама ратификацияланғаннан кейін деректер ведомстволық байланыс арналары арқылы беріледі.

Фото: gov.kz

— Бұл сауалдар электрондық түрде жіберілетіндіктен іздеудегі адам оған ақпараттық жүйелер арқылы қол жеткізіп, өз деректерін ауыстыруы мүмкін бе? Кейбір қылмыстардың дамуын ескере отырып, ведомстволық арналар арқылы ақпарат алмасу кезінде ақпараттық қауіпсіздік қандай деңгейде қорғалған? — деп сұрады ол.

Сауалға жауап берген министр орынбасары деректер қызметтік пайдалану үшін шифрланғанын және криптографиялық жүйемен қорғалғанын айтады.

— Сол себепті келісім бойынша тараптар осы құпиялық режимді сақтауға міндетті. Бөгде адамдар ешқандай ақпарат ала алмайды әрі жедел, қызметтік ақпаратты өзгерте алмайды, — деді Санжар Әділов.

Ал Зүлфия Кузиева талқыланып отырған келісімге Украина мен Молдаваның қосылмағанына мән беріп, осыған орай аталған елдерде күдіктілерді іздестіру қандай құжаттар негізінде жүзеге асырылатынын сұрады.

Ішкі істер министрі орынбасарының жауабына қарағанда, Украинамен 2020 жылы жасалған екіжақты ынтымақтастық туралы құқықтық шарт бар. Құжатта мемлекетаралық және халықаралық іздеуде жүрген адамдарды іздестіру және ұстау бойынша құқықтық өзара іс-қимыл тікелей қарастырылған. Молдоваға қатысты да құқықтық негіздер қалыптастырылған. Бұл елмен жасалған екіжақты шарттан бөлек 1993 жылғы Минск конвенциясы да құқықтық негіз саналады. Аталған конвенция азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша халықаралық ынтымақтастықты көздейді.

— Сондықтан Қазақстанда іздеудегі қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды Украина мен Молдова аумағында ұстауға, сондай-ақ Украина мен Молдовада іздеуде жүрген адамдарды Қазақстан аумағында ұстауға құқықтық негіз бар, — деді ол.

Екатерина Смолякова болса ТМД-ға мүше елдерден басқа шет мемлекеттермен сұраныстар, ақпарат алмасу қалай жүзеге асырылатына қызығушылық танытты.

Фото: Видеодан алынған скрин

— Расымен бұл келісімшарт тек ТМД мемлекеттері арасында ақпарат алмасуды көздейді. Ал басқа шарттарға келетін болсақ, әрине ондай мүмкіндік бар. Іздестіруді халықаралық шарттар, екіжақты келісімдер және Интерпол арқылы жүзеге асыруға болады, — деді сауалға жауап берген Санжар Әділов.

Заң жобасын талқылау аяқталғаннан кейін ол бірінші оқылымда мақұлданып, бірден екінші оқылымға шығарылды.

Осы орайда Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Берік Беркімбаев қаралып отырған хаттама ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдары арасында хат алмасуды электрондық формат арқылы жүргізу мүмкіндігін көздейтінін атап, қабылдауды ұсынды.

— Бұл Қазақстан Республикасының азаматтарын іздеу бойынша өзара іс-қимылдарды неғұрлым жедел және тиімді етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күні хаттаманы шартқа қатысушы Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Тәжікстан мемлекеттері ратификациялады, — деді ол.

Дауыс беру нәтижесінде 141 депутат заңды қабылдауды қолдады.

Айта кетейік, отырыста депутаттар қылмыспен күрес, мемлекетаралық іздестіру және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты заң жобаларын талқылап жатыр.