«Төбелеске қатысуға мәжбүр болдым»: Шерзат сотында тағы бір айыпталушы жауап берді

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сотта айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынды. Ол 2024 жылы 3-інен 4-ші қазанға қараған түні оқиға қалай өрбігенін айтты.

— Мен «Эйфория» кафесінде таныстарыммен бірге отырдым. 23:30–да танысым Дархан Әскентай хабарласып, «Қамажай» дүкеніне келуімді өтінді. «Мені біреу ұрып кетті» деді. Мен өзім бір бөтелке сыра ішіп алғандықтан Думан Ысқаққа рульге отыруға өтініш жасадым. Дүкенге бардым, Д.Әскентай сыртта бетінен қан ағып тұрды. Одан мән-жайды сұрағанда «дүкеншінің баласы ұрып тастады» деп қысқаша айтты. Сосын дүкенге кіріп Қаржаубайдың өзінен мән-жайды сұрадым. Ол «досың ақша төлемеді», біресе «өзім ұрдым», біресе «ұлым ұрды» деді. Мен артығымен 1,5 мың теңге төлеп бердім. Сосын досым үшін кешірім сұрап, Дархан, мен, Думан үшеуміз кетіп қалдық, — деді ол.

Сотталушының айтуынша, бұл оқиғалардан кейін Нұрбол Тоқтаубаев Дархан Әскентаймен көлікте сөйлесіп, дүкенге қайта баруға шешім қабылдаған.

— Жолда Дархан ақша төлегенін айтты. Кикілжің ақша туралы болғаннан кейін мен қайта баруға шешім қабылдадым. Төлеген ақшамды қайтарып алу үшін және Дархан Әскентай ақша төлегенін растағым келді. Қайтадан бардық, бірақ оған Қаржаубай қарсы болды. «Менімен шық, менімен шықпасаң, баламмен шық» деді. Пышақ тақады. Мен өзімді «хуторский» деп таныстырған жоқпын. Нұрқанат телефонмен біреулерді шақырып жатты. Үлкен-үлкен 6-7 шақты бала келді. Шыңғыс (Белғожаев) деген бала бар, өз туған бауырымда (Азамат Тоқтаубаев) телефон болмағандықтан Чинаға хабарласып, соның телефоны арқылы өз інімді шақырдым. Сонымен балалар келіп, төбелес басталып кетті. Мен дүкен ішінде тұрғам. Мылтық атылды, Нұрқанат біріншісін аспанға, екіншісін аяғымызға атты. Өзім бір-екі рет аяғымды сермеп, Нұрқанатты тепкенімді растаймын, — деді ол.

Қамажай дүкенінің сыртындағы бейнекамера түсірген бейнежазбаға байланысты «мен сабырға шақырумен жүрдім» деп пікір білдірді.

Сонымен қатар куәгер түсірген Шерзат пен Нұрқанат соққыға жығылған бейнажазбадағы өз іс-әрекетіне Нұрбол Тоқтаубаев түсініктеме берді.

— Мылтық атылғаннан кейін абдырап қалдық. Төбелеске кіруге мәжбүр болдым. Балалар барып жатқаннан кейін мен де артынан бардым. Сосын Нұрқанатты бір-екі рет тептім. Шерзат жаққа барған жоқпын, арасы 4-5 метрдей болды, — деді сотталушы.

Адвокат сұрағына жауап берген Нұрбол Тоқтаубаев Шерзаттың 16 жаста екенін білмегенін және оның анасы Гүлбара Бишімбиеваның қолынан ұстап, тоқтату әрекеті болмағанын атап өтті.

Бұған дейін сотта 4 қазан күні болған жанжал бейнежазбасы жарияланды.

Өткен сот отырысында айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алынды.

Сот барысында сотталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыруды өтінді. Бірақ судья прокурорды ауыстырудан бас тартты.

Сонымен қатар сотта дүкен камерасына түскен оқиғаның толық бейнежазбасы көрсетілді.

Алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат ағасының денесі табылды.