Тоқаев Джорджа Мелониді Италия Үкіметінің тарихи жетістігімен құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Республикасының Премьер-министрі Джорджа Мелониді оның Үкіметінің Италия тарихындағы ең ұзақ уақыт қызмет атқарған Үкіметке айналуына байланысты құттықтау жолдады.
Айта кетейік, 4 қыркүйекте Джорджа Мелони басқаратын Италия министрлер кабинетінің үздіксіз жұмыс істегеніне 1 413 күн толып, Сильвио Берлусконидің екінші үкіметінің қызмет ету мерзімінен асып түскені белгілі болды. Осылайша Мелони үкіметі Италияда билік басында болу мерзімі бойынша рекорд орнатты.
Джорджа Мелони үкіметі 2022 жылғы 22 қазанда ант қабылдаған. Бұған дейінгі рекорд Сильвио Берлусконидің екінші үкіметіне тиесілі еді. Ол 2001 жылғы маусымнан 2005 жылғы сәуірге дейін, яғни 1 412 күн билік етті.
Еске салсақ, былтыр мамыр айында Италия премьері Қазақстанға ресми сапармен келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониді қарсы алды. Кейіннен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони келіссөз жүргізді.
Жалпы елордада өткен «Италия — Қазақстан» іскерлік форумында екі елдің ұйымдары жалпы сомасы 180 миллион еуро болатын 10 меморандумға қол қойды.
Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ең сындарлы көшбасшылардың бірі деп атады.