Тракторшы-машинист куәлігін қалай алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тракторшы-машинист куәлігін алу үшін арнайы оқу курсынан өтіп, емтихан тапсыру қажет. Құжатты электрондық лицензиялау порталы арқылы онлайн немесе жергілікті мемлекеттік органға жүгіну арқылы рәсімдеуге болады. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: ҚР АШМ

Трактор мен өздігінен жүретін арнайы техниканы басқару үшін кәдімгі жүргізуші куәлігі жеткіліксіз. Оған тракторшы-машинист куәлігі қажет.

Қандай құжаттар қажет?

Куәлік алуға өтініш бермес бұрын мына құжаттарды дайындау керек:

  • арнайы оқу курсын аяқтағаны туралы куәлік немесе «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша диплом;

  • көлік құралын басқаруға жарамдылығын растайтын № 073/у нысанындағы медициналық анықтама;

  • мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжат;

  • 3,5 × 4,5 см фотосурет.

Мемлекеттік баж мөлшері — 0,5 АЕК.

Куәлікті онлайн қалай рәсімдеуге болады?

Құжатты elicense.kz электрондық лицензиялау порталы арқылы алуға болады. Ол үшін:

  1. Порталға ЭЦҚ немесе eGov Mobile қолданбасындағы QR-код арқылы кіріңіз.
  2. Іздеу жолағына «Тракторларды және олардың базасында жасалған өзі жүретін шассилер мен механизмдерді басқару құқығына куәліктер беру» қызметінің атауын енгізіңіз.

  3. Қажетті қызметті таңдап, өтінішті толтырыңыз және сұралған құжаттардың электрондық көшірмелерін тіркеңіз.

  4. Өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қойып, жіберіңіз.

Өтініш пен құжаттар тексерілгеннен кейін куәлік екі жұмыс күні ішінде дайындалады.

Куәлікті онлайн рәсімдеу мүмкіндігі болмаса, тұрғылықты жеріңіздегі жергілікті мемлекеттік органның ауыл шаруашылығы бөліміне жүгінуге болады.

Еске салайық, бұған дейін жүргізуші куәлігіне емтиханға eGov арқылы жазылуға болатынын жазған едік.