Трамп өзін Венесуэла президентінің міндетін атқарушы деп жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – Ақ үй басшысы Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі аккаунтында өзін «Венесуэла президентінің міндетін атқарушы» деп атаған сурет жариялады, деп хабарлайды Kazinform.
Скриншотта («Википедиядағы» өмірбаянға ұқсас) АҚШ президентінің бұл лауазымды атқаруға 2026 жылдың қаңтарында «кіріскені» аталған. Бұл ретте сол «өмірбаянда» Трамп АҚШ президенті лауазымын да сақтап қалды.
Ақ үйден немесе Венесуэла оппозициясының өкілдерінен бұл жарияланымға қатысты әзірге ешқандай ресми түсінік болған жоқ.
Айта кетейік, арнайы операция барысында Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы АҚШ-қа жеткізіліп, тұтқындалған.
Мадуро Нью-Йоркте есірткі саудасына қатысты сот алдында жауап берді.
Мадуро мен оның жұбайы алғашқы сот отырысында өздерін кінәлі деп есептемейтіндерін мәлімдеді.
Бұған дейін Трамп Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында АҚШ Венесуэланы басқаратынынын мәлімдеген болатын.