Цифрлық кодекс жобасы және Жер қойнауын пайдалану туралы кодекске түзету енгізу мәселесі талқыланады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда палата депутаттары Цифрлық кодекс жобасын қарап, Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын құруды көздейтін құжатты талқыға салады.
Естеріңізге сала кетсек, 7 қарашада Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен бюро отырысында бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді. Соған сәйкес, бірінші оқылымда депутаттардың бастамасымен Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын іске асыру үшін әзірленген Цифрлық кодекс жобасы мен оған ілеспе заң жобалары қаралады.
ҚР Президенті Жолдауын жариялау кезінде жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажеттігін айта келе, ол үшін Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн екеніне тоқталған болатын.
- Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс. Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек, - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кодекс жобасы цифрлық ортадағы қатынастарды реттеуге бағытталған. Жобада цифрлық құқықтық қатынастар объектілерінің және цифрлық орта субъектілерінің түрлері айқындалып, цифрлық құжаттарды қалыптастыру, сақтау, және ұсынудың негізгі қағидалары белгіленген.
Бағдарламалық код түрінде ресімделген және белгілі бір шарттар туындаған кезде автоматты түрде орындалатын смарт-келісімшарттар – заңды маңызы бар келісімдерді енгізу көзделеді.
Сондай-ақ, жобада аса маңызды цифрлық объектілердің киберқауіпсіздігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі ережелер бекітіледі. Қолданылу мерзімі 1-5 жыл аралығындағы цифрлық жобаларды сынақтан өткізу үшін эксперименттік құқықтық режим енгізіледі.
Ілеспе түзетулер арқылы киберқауіпсіздік оқиғалары кезінде байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұру тәртібін бұзғаны үшін және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде артық құжаттарды талап еткені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу көзделеді.
Мұнан бөлек, бірінші оқылымда депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске үкіметтік түзетулерді талқыламақ. Заң жобасында жер қойнауын пайдалану саласындағы барлық бизнес-процесті цифрландыру үшін Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын құру, геологиялық ақпаратты басқару жөніндегі Ұлттық геологиялық қызметтің функцияларын бекіту көзделеді.
Сонымен қатар бүкіл ел аумағы бойынша қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге лицензия беру кезінде «алғашқы өтінім» қағидатын енгізу ұсынылады. Аукциондар негізінде берілетін учаскелер, сондай-ақ көмірсутек пен уран саласындағы ұлттық компанияларға арналған резервтелген аумақтар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, орман және су қорларының жерлері, сондай-ақ ұлттық қорғаныс нысандары ерекше жағдай ретінде танылады.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне бірінші оқылымда депутаттардың бастамасымен креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері туралы заң жобасы да енгізілді. Құжат креативті өндірісті дамытуға, шығармашылық әлеуетті кеңейтуге, кадр даярлау, мемлекеттік қолдау және инвестициялар тарту ісінде уәкілетті органның құзыретін нақтылауға бағытталған.
Заң жобасында «кәсіби суретші», «креативті индустриялар өнімі» және «креативті индустриялар субъектілерінің тізілімі» сынды жаңа ұғымдар көзделген.
Бүгінде Қазақстандағы креативті индустрия экономикалық қызметтің 43 жіктеуішін қамтитын 12 бағыттан тұрады. Креативті индустриямен айналысатын тіркелген субъектілерінің саны 45,5 мыңнан асады, еліміздің ЖІӨ-дегі жалпы қосылған құнның үлесі 1 пайызды құрайды.
Барлық субъектінің 50 пайыздан астамы Алматы мен Астанада шоғырланған, олардың 70 пайыздан астамы - жеке кәсіпкерлер.
Креативті секторларда барлығы 143,6 мың адам жұмыспен қамтылған. Олардың ішінде IT, сәулет және сән өнері, мәдени-демалыс мекемелері, кітапханалар мен музейлер, сондай-ақ халықтың қолөнері еңбекті көп қажет ететін салалар болып саналады.
Сондай-ақ депутаттар архив ісі мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қарайды. Бұл құжатты депутаттар 17 қыркүйек күні 1-оқылымда мақұлдаған болатын.
Заң жобасында «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңның қолдану аясын кеңейту көзделген, яғни архивтік құжаттарды қалыптастыру, сақтау және пайдалану тәртібі нақтыланып отыр. Ұлттық архив қорының құрамына жобалық-сметалық құжаттама, тәжірибелік-конструкторлық және қала құрылысына қатысты құжаттар, сондай-ақ сызбалар мен мәтіндік материалдарды енгізу ұсынылды.
Айта кетейік, Мәжілістің өткен аптадағы жалпы отырысында банктер және банк қызметі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер, сондай-ақ туристік саланы қолдау туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістерді, әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасының мақсаттары мен міндеттері мыналар:
- банк қызметін реттеу мен қадағалауды жетілдіру арқылы банк жүйесінің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз ету;
- ашықтықты арттыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау стандарттарын сақтау және қаржылық дағдарыстардың алдын алу арқылы азаматтардың банк жүйесіне деген сенімін нығайту;
- қолайлы жағдайлар жасау және банк қызметтерінің сапасын арттыру үшін қаржы нарығында адал бәсекелестік пен инновацияларды дамытуды ынталандыру.
Құжаттарды таныстырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова заң жобасының тұжырымдамалық негіздері:
- Қазақстандағы банк қызметін мемлекеттік реттеудің мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын белгілеуді;
- банктерді ашу және лицензиялау тәртібіне қойылатын талаптарды кеңейтуді;
- банк қызметіне қойылатын талаптарды, банктерге рұқсат етілетін инвестициялық және өзге де қызметті белгілеуді, сондай-ақ еншілес ұйымдарды реттеуді жетілдіруді;
- банктерді корпоративтік басқару қағидаттарын айқындауды;
- исламдық банк қызметін кеңейтуді;
- банк қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын талаптарды жетілдіруді;
- қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіру және төлемге қабілетсіз банкті реттеу тетіктерін дамытуды қамтиды.
- Ұсынылған өзгерістер банк жүйесінің қаржылық орнықтылығын арттыруға, ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге, бәсекелестікті дамытуға және қаржы секторындағы инновацияларды ынталандыруға ықпал ететін болады, - деген еді.
Сондай-ақ құжат аясында банктерге цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және телекоммуникация салаларында еншілес компанияларды құру және сатып алу құқығын беру, Қаржы омбудсменінің бірыңғай офисін құру, төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігі енгізу сынды жаңашылдықтар көзделген.
Ал бірінші оқылымда мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлік субъектілерінің туристерді орналастыру орындарын, санаторий-курорттық ұйымдарды, визит-орталықтарды, тау шаңғысы курорттарына, жол бойындағы сервис объектілеріне арналған жабдықтар мен техниканы иеліктен шығармау және нысаналы пайдалану мониторингін жүзеге асыру жөніндегі жаңа құзыреті енгізіледі.
- Жергілікті атқару органдарына туристік басым аймақтардың шекарасын дербес анықтау мүмкіндігі беріледі. Бұл шара инвесторлар үшін күшті ынталандыру болмақ, өйткені ол бюрократиялық кедергілерсіз жергілікті деңгейде шешімдер қабылдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді, - деді Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.
Мәжіліс қабылдаған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының негізгі мақсаты – аз зерттелген провинцияларда көмірсутектерді барлауға инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін барлау мен өндіруге басым құқық беру, сондай-ақ уран саласында мемлекеттің мүддесін қорғау.
- Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар мүдделі министрліктер мен ұлттық компания басшыларымен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, минералдық-шикізат базасын ұлғайтуға және геологиялық барлау жұмыстарын, соның ішінде аз зерттелген, бірақ перспективалы аумақтарды жандандыруға бағытталған бірқатар заңнамалық өзгерісті егжей-тегжейлі талқылады. Мәселен, игеріліп жатқан аумақтар шегінде қосымша барлауды ынталандыру мақсатында келісімшарттық аумақтардың ауданы сақталған жағдайда, қолданыстағы кен өндіру учаскелерін тереңдетуге мүмкіндік беру ұсынылады. Қазіргі кезде қолданыстағы өндіру учаскесінің шегінде терең көкжиектерді барлауға жер қойнауын пайдалану құқығын тек аукцион арқылы алуға болады. Бұл норманың өзіндік қиын тұстары бар. Егер аукцион нәтижесі бойынша терең барлауды жаңа жер қойнауын пайдаланушы ұтып алса, онда оған, сол кен орында жұмыс жасап отырған жер қойнауын пайдаланушының инфрақұрылымын пайдалану қиынға соғады, - деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
Палата қабылдаған келесі Заң - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».
Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Марат Бәшімовтың айтуынша, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде әкімшілік әділет институты жұмыс істейді. Ол бір тарапы мемлекеттік орган болатын жария-құқықтық дауларда азаматтардың құқықтарын соттық қорғаудың жаңа форматы саналады.
Әкімшілік әділеттің енгізілуі Мемлекет басшысы бастамашылық еткен сот-құқықтық реформаның басты қадамына айналды және мемлекеттік орган мен азаматтың сот процесінде тең құқықты қатысушылар болуына негізделген жаңа модельге көшуді білдіреді.