Ақ халаттан шаруа қожалығына дейін
Жуалы ауданындағы Дархан Станбеков үшін жаз – қысқа дайындықтың қызған шағы. Шөп шабу, егін жинау, мал азығын әзірлеу – күнделікті жұмысы. Ал төл алу науқанында малды тәулік бойы бақылауға тура келеді.
Бүгінде шаруа қожалығын басқарып жүрген Дарханның алғашқы мамандығы медицина саласымен байланысты. Ол 2004 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түсіп, бес жылдан кейін «Емдеу ісі» мамандығын тәмамдады. Одан соң екі жыл жедел жәрдемде фельдшер болып жұмыс істеп, Қазақ-Ресей медицина университетінде терапия бойынша интернатурадан өтті. Кейін қоғамдық денсаулық сақтау саласында магистр дәрежесін алды.
2015 жылы фтизиатр болып еңбек жолын жалғастырған кейіпкеріміз екі жылдан кейін кәсібін өзгертті. Ол «Жанасыл» шаруа қожалығын басқарып, егіншілік пен мал шаруашылығына ден қойды.
Шаруашылыққа келгеннен кейін алты жыл өткен соң асыл тұқымды қой өсіруді қолға алды. Бұл бағыттағы еңбегі көрмелерде де бағаланған. Мәселен, қожалық Меркі ауданында өткен облыстық көрмеде бірінші орын алды.
Өткен жылы шаруашылық тағы екі көрмеде жүлдеге ие болды. Түркістандағы халықаралық көрмеде қошқарлары өз санаттары бойынша бірінші және үшінші орын алса, Қордай ауданындағы республикалық көрмеде екінші және үшінші орындарға қол жеткізді.
Шаруашылықтың жұмысынан бөлек, Дархан ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласып, қайырымдылық шараларына тұрақты қатысып келеді.
Еңбекпен өскен кәсіп, өлеңмен өрілген өмір
Шу ауданындағы Ақсу ауылы – Асхат Айтқожаевтың балалық шағы өткен жер ғана емес, кәсібінің де бастауы. Бала кезінен мал шаруашылығына араласқан ол кейін туған ауылында отбасын құрып, жеке шаруашылығын дамытты.
Ж.Баласағұн атындағы мектепті бітірген соң Асхат Таразда білім алып, экономист мамандығын меңгерді. Дегенмен кәсібін өзі жақсы білетін ауыл шаруашылығы саласында бастауды жөн көрді.
Оның кәсіпкерлік жолы 2013 жылы арнайы бағдарлама арқылы МТЗ-80 тракторын сатып алудан басталды. Кейін шаруашылыққа басқа да техника қосылып, жұмыс ауқымы кеңейді. Қазір оның қожалығында «Вектор» комбайны, тракторлар, шөп престейтін машиналар, КамАЗ бен ЗИЛ жүк көліктері бар. Мұнда дәнді дақылдар мен көпжылдық шөптер өсіріліп, мал шаруашылығы да қатар дамып келеді.
Екі мал базасы бар қожалықта жүзге жуық сиыр, 400 қой және жылқы ұсталады. Бұған қоса 50 бұқа бордақыланып жатыр. Асхат асыл тұқымды сиыр өсіруді де қолға алған.
Алғашқы тракторын сатып алған 2013 жыл Асхаттың жеке өмірінде де маңызды кезең болды. Ол сол жылы отбасын құрды. Бүгінде жұбайымен бірге бес бала тәрбиелеп отыр.
Фермер шаруашылық жұмыстарымен қатар ауылдастарына көмектесуге де уақыт табады. Қайырымдылықты өмірлік ұстанымының бірі санап, бұл көзқарасын Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өлең жолдарымен байланыстырады.
– Адалдық, шыншылдық, табандылық пен жауапкершілік адамға игі іс жасап, айналасына пайдасын тигізуге көмектеседі. Адал еңбектің жемісі әрдайым тәтті. Еңбек береке мен молшылыққа, өркендеуге жол ашады, – деді фермер.
Ауыл шаруашылығының тынымсыз тіршілігіне қарамастан, Асхат рухани дүниесіне де көңіл бөледі. Бос уақытында домбыра тартып, өлең жазуға әуес.
Бішкектен туған ауылына оралған фермер
Асхат секілді Айвас Хазиевтің де кәсібі туған ауылымен тығыз байланысты. Қордай ауданындағы Қайнарда туып-өскен ол жеті баланың кенжесі. Жастайынан жер өңдеп, мал бағуға араласқан Айвас В.Маяковский атындағы №32 мектепті бітірген соң ауыл шаруашылығы саласында білім алуды ұйғарған. 2004 жылы Қырғызстандағы аграрлық университетке түсіп, төрт жылдан кейін агроном мамандығын алып, туған ауылына оралды.
Қайнарға келген соң «Ибрагим Хабиб» шаруа қожалығын құрып, жұмысын 50 гектарға жуық жерден бастады. Алғашында жоңышқа мен дәнді дақылдар өсіріп, мал шаруашылығымен айналысты. Уақыт өте шаруашылықтың жер көлемі 600 гектарға жетті. Оның 50 гектары – суармалы, 300 гектары – тәлімдік жер, ал 250 гектары жайылымға арналған.
Шаруашылықты кеңейтумен қатар техникасын да жаңартып келеді. Жуырда лизинг арқылы YTO тракторын сатып алды. Бүгінде қожалығында сегіз жылқы, 30 сиыр және 790 бас еділбай тұқымды қой бар. Агроном мамандығын меңгергеніне қарамастан, қазір оның кәсібіндегі негізгі бағыт – қой шаруашылығы.
Қайнар – Айвас үшін кәсібін өркендеткен мекен ғана емес, отбасын құрған жері. Ол 2011 жылы осында шаңырақ көтеріп, бүгінде көпбалалы әке атанып отыр.
– Абай айтқандай, «Адал еңбекпен күн көру – арлы адамның ісі». Адамзат ежелден өз қажеттілігін еңбек арқылы өтеп келеді. Еңбек адалдыққа, табандылық пен жауапкершілікке баулып, мақсатқа жетуге және қоғамға пайда келтіруге көмектеседі, – деді Айвас.
Үш фермердің өмір жолы әртүрлі болғанымен, олардың таңдауы туған жермен және ауыл шаруашылығымен байланысты.
Бұған дейін ауыл әйелдерінің кәсіп бастауға неге қиналатынын жазған едік.