Министрліктің мәліметінше, Жол жүрісі қағидаларында «стилобат» ұғымы жоқ. Сондықтан мұндай аумақтарға жалпы талаптар қолданылады. Бұл ретте негізгі өлшем — стилобаттың бастапқы жобада көлік қозғалысы мен тұраққа арналған орын ретінде көзделуі.
— Егер стилобат жобалау құжаттарында көлік қозғалысы мен автотұраққа арналған аумақ ретінде белгіленіп, қауіпсіздік талаптарына сай болса, онда көлік қоюға рұқсат етіледі, — делінген министрлік жауабында.
Министрліктің түсіндіруінше, стилобатта бос орынның болуы оны автотұрақ ретінде пайдалануға болады дегенді білдірмейді. Мұндай мүмкіндік тұрғын үй кешенін жобалау кезеңінде-ақ қарастырылуы тиіс.
Стилобатқа қашан көлік қоюға болады?
Министрліктің мәліметінше, мынадай талаптар сақталса, автокөлік қоюға рұқсат етіледі:
• тұрғын үйдің жобасында көлік жүретін жолдар мен автотұрақ орындары көзделсе;
• конструкциясы автокөлік түсіретін салмаққа есептелсе;
• нысан көлік қозғалысы ескеріліп пайдалануға берілсе және қажетті жол белгілері мен жол таңбаларымен жабдықталса.
Стилобатты автотұрақ ретінде пайдалануға бола ма, жоқ па деген мәселе тұрғындардың немесе басқарушы компанияның қалауына емес, нысанның қалай жобаланғанына және қалай пайдалануға берілгеніне байланысты.
Қандай жағдайда көлік қоюға болмайды?
Егер стилобат тек паркингтің төбесі болып, кейін аула ретінде абаттандырылса, онда мұндай жерге көлік қоюға болмайды.
ІІМ мәліметінше, мынадай жағдайларда көлік қоюға рұқсат етілмейді:
• стилобатта балалар немесе спорт алаңдары орналасып, жоба бойынша көлік қозғалысы көзделмесе;
• жаяу жүргіншілер аймағы мен көлік жүретін бөліктің арасы қауіпсіз бөлінбесе.
Сонымен қатар министрлік мүлік иелері бірлестігі немесе басқарушы компания бекітілген жобада көзделмесе, өз бетінше жаңа автотұрақ орындарын ұйымдастыра алмайтынын, жол таңбасын түсіре алмайтынын және аумақтың мақсатын өзгертуге құқығы жоқ екенін атап өтті.
Ереже бұзғандарға қандай жауапкершілік қарастырылған?
ІІМ аулаларда басымдық жаяу жүргіншілерге, әсіресе балаларға берілетінін еске салды. Сондай-ақ көліктер адамдардың жүріп-тұруына кедергі келтірмеуі және жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникаларының жүруіне бөгет жасамауы тиіс.
Белгіленбеген жерге көлік қойғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген. Бұл бап көлік құралдарын тоқтату немесе қою қағидаларын бұзғандарға қолданылады.
Еске салайық, Алматыда жыл басынан бері көлік қою ережесін бұзудың 15 мың дерегі анықталған.