Туризмді дамыту: Арқалық, Үржар, Балқаш әуежайларына рейс ұшырыла бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жаңа туристік маусым қарсаңында ел әуежайларының жай-күйін баяндады.

Фото: Көлік министрлігі

Президент тапсырмасына сәйкес, Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынып жатыр.

— Арқалық қаласының әуежайы қалпына келтірілуде. Балқаш әуежайы күрделі жөңдеуден өтіп, туристерді қабылдап жатыр. Үржар әуежайы жұмыс істеп тұр, биыл ондағы терминалды жаңғырту жұмыстары басталды, — деді Көлік министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Жыл соңына дейін әуе паркіне тағы 6 ұшақ қосылады. Ал 2030 жылға қарай ұшақтар саны 160-қа жетеді.

— Ішкі әуе рейстері өңірлер арасындағы байланысты нығайту үшін өте маңызды. Жазғы маусымда Алакөлге (Үшарал, Үржар), Балқашқа, Түркістанға, Бурабайға (Көкшетау) және Каспий теңізіне (Ақтау) авиамаршруттар бойынша рейстер орындалуда. Жазғы кезеңде аталған бағыттар бойынша аптасына 45 рейс орындалып жүр, — деді Н. Сауранбаев.

Айта кетейік, Қазақстанның туристік орындарына апаратын жолдар жөндеуден өтіп жатыр. Биыл Алматы-Өскемен жолындағы жұмыстар аяқталып, жол жүру уақыты 4 сағатқа қысқарған.

Оған қоса, Қазақстанның 124 вокзалы жаңғыртудан өтіп, жаңадан салынып жатыр. Қазір Көкшетау, Бурабай курорты, Қонаев, Көктума, Ақши, Манкент, және Балқаш-2 вокзалдарында жұмыстар аяқталды.

Сұраныстың артуына байланысты елдегі туристік бағыттарға қосымша 15 пойыз жүре бастайды.