Түркістан бу-газ қондырғысы мен Алматы ЖЭО құрылысы келер жылға қалдырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда электр энергиясына сұраныс артып, қолданыстағы энергетикалық жүйеге түсетін салмақ күшейіп келеді. Тапшылықты азайту үшін 2029 жылға дейін 13,3 ГВт болатын жаңа генерация нысандарын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев айтып берді.

Фото: Алматы әкімдігі

Оның айтуынша, Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесі 254 энергия көзінен тұрады, оның 172-сі жаңартылатын энергия көздеріне жатады. Бүкіл жүйенің қолда бар қуаты 17 ГВт құрайды.

Биылғы 10 айда электр энергиясын өндіру көлемі 102 млрд кВт·сағаттан, ал тұтыну көлемі 103 млрд кВт·сағаттан асты.

— Соңғы бірнеше жыл бойы электр энергиясын тұтынудың ең жоғары жүктеме сағаттарында 800 МВт-тан 2 ГВт-қа дейін маневрлік генерация қуатының тапшылығы байқалады. Бұл тапшылық көршілес елдердің энергетикалық жүйелерімен қатар жұмыс істеу есебінен жабылуда. Осыған байланысты энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін өтеу мақсатында жаңа генерация қуаттарын іске қосу жоспарланды, — деді Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Биыл пайдалануға берілетін қуаттар көлемі 1,27 ГВт құрайды. Ал 2027 жылы жалпы қуаты 2,5 ГВт болатын генерация нысандарын пайдалануға беру жоспарланған.

— Бірқатар себепке байланысты Түркістан қаласындағы бу-газ қондырғысы мен Алматы қаласындағы үшінші ЖЭО құрылысын аяқтау келесі жылға ауыстырылды. 2029 жылды қоса алғанда 13,3 ГВт энергетикалық қуат іске қосылады. Оның ішінде 7,4 ГВт — базалық генерация, ал 5,9 ГВт — жаңартылатын энергия көздерінің қуаты. Бұл жобаларды іске асыру электр энергиясына деген барлық қажеттілікті өтеп, генерациялау қуаттарының 20% профицитін қалыптастырады, — деді Н. Нәлібаев.

Мемлекет басшымыздың тапсырмасын орындау аясында халықаралық институттардың қолдауымен 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерім өзектендіріледі.

Бұл жұмыс шеңберінде өнеркәсіп пен цифрландыру салаларында іске асырылып жатқан жобаларды, қолданыстағы электр станцияларын «таза көмір» технологиялары негізінде жаңғырту шараларын ескеріп, экономиканың одан әрі өсуіне болжам жасалды.

— Қазақстанның бүкіл энергетикалық жүйесінің орнықтылығын арттыру үшін жаңартылатын энергетиканы, атап айтқанда күн энергетикасын, энергия жинақтау жүйелерін дамытуға ерекше назар аударылады, — деді ол.

Бұған дейін Н. Нәлібаев биыл қандай жолдар ашылатынын айтқан еді.

Жақында Алматыдан Токиоға тікелей рейс ашылып, Вена, Нью-Йорк және Милан бағыттары бойынша әуе қатынасы жолға қойылады.