Облыстық білім басқармасының мәліметінше, екі оқушы да бір сыныпта білім алған, бірдей бейіндік пәндерді таңдаған және болашақ мамандықтары да ұқсас.
— Түлектер ҰБТ-да дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі пәндерін таңдаған. Сонымен қатар, халықаралық IELTS емтиханынан 6,5 балл иеленген, — делінген Түркістан облысы білім басқармасы таратқан ақпаратта.
Жасур Нышанбаев — Түркістан қаласының тұрғыны. Ол қаңтар айындағы алғашқы ҰБТ-да 120 балл жинаса, наурыз айындағы тестілеуде нәтижесін 128 балға дейін көтерген. Ал мамыр айындағы негізгі тестілеуде үздіксіз дайындықтың нәтижесінде 140 баллға қол жеткізді.
Ал Айсұлтан Жаңбырбай Шымкент қаласынан арнайы келіп, мектеп жатақханасында тұрып білім алған. Ол қаңтардағы тестілеуде 125 балл, наурыз айында 128 балл жинап, әр кезең сайын нәтижесін жақсартып отырған. Нәтижесінде соңғы ҰБТ-да толық 140 ұпай иеленді.
ҰБТ ережесіне сәйкес, талапкер халықаралық сертификатталған ағылшын тілі емтихандарынан жоғары нәтиже көрсеткен жағдайда, бейіндік немесе міндетті ағылшын тілі пәнінен босатылады. Атап айтқанда, IELTS халықаралық емтиханынан белгіленген деңгейден жоғары балл алған түлектерге ҰБТ-дағы ағылшын тілі бөлімі автоматты түрде есептеледі.
Жаңбырбай Айсұлтан мен Нышанбаев Жасур IELTS емтиханынан 6,5 балл жинаған. Осы көрсеткіш негізінде олар ағылшын тілі пәні бойынша тест тапсырмағанымен, ҰБТ жүйесінде сол пәннің толық ұпайы автоматты түрде берілген. Нәтижесінде талапкерлер тест барысында қалған пәндерден қойылған 90 сұрақтың 90-на да дұрыс жауап беріп, жалпы 140 ұпай иеленді.
Қос түлек те Maqsut Narikbayev University таңдаған. Олар болашақта аударма ісі мамандығы бойынша білім алып, халықаралық деңгейде қызмет етуді мақсат етеді.
Бұдан бұрын атыраулық түлектің ҰБТ-дан 140 ұпай жинағанын жазған едік.