ТЖМ «ҚазАқпарат» және Jibek Joly тілшілерін марапаттады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Ақжігіт Шүкібаев пен Jibek Joly телеарнасының тілшісі Күнсая Құрмет-Рахимованы Түркиядағы зілзала кезінде жедел ақпарат таратқаны және белсенді жұмысы үшін Төтенше жағдайлар министрлігі атынан марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Jibek Joly телеарнасының тілшісі Күнсая Құрмет-Рахимоваға марапатты салтанатты түрде табыстады. Ал «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі Ақжігіт Шүкібаевтың Түркияда болуына байланысты, оның марапатты Түркиядағы Қазақстан елшілігі арқылы жеткізді.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Ақжігіт Шүкібаев

Қазақстандық журналистер Түркиядағы зілзала кезінде 10 күннен аса қазақстандық құтқарушылардың жұмыстары туралы тұрақты хабар беріп отырды. Зілзаланың салдарын жою кезіндегі батылдығы мен көмегі үшін олар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды. Түркиядағы апат аймағында өмірін қауіпке тігіп жұмыс істеген тілшілер өз жұмысын атқарып қана қоймай, қазақстандық құтқару бригадасына түрік тілінен аударма жасап та көмектескен.

Салтанатты шара кезінде министр Юрий Ильин тілшілердің жұмысы мен еңбегіне алғыс айтты.

Айта кетсек, 6 наурызда ТЖ министрі Юрий Ильин Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейінгі құтқару жұмыстарына қатысқан қазақстандық құтқарушыларды марапаттаған болатын. Офицерлік құрамдағы бірнеше адам екінші дәрежелі «Айбын» орденін иеленсе, азаматтық құрам – «Құрмет» орденімен, басқалары – «Ерен еңбегі үшін» үкімет медалі мен мекеме марапаттарына ие болды.

Қираған тұрғын үйлерге қатысты Түркияда 269 адам қамауға алынды. Зілзаладан келген материалдық залал - екі триллион түрік лирасына (105 миллиард доллардан жоғары) жетті.


Соңғы жаңалықтар