2 шілде сағат таңғы 06:50 шамасында Ақсай өзенінде су деңгейі көтеріліп, Қарасай ауданы Жанатұрмыс ауылындағы «Карьер Аксай» ЖШС аумағындағы карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ шайылды. Соның салдарынан 9 жеке үйдің тұрғындарын уақытша көшірілді.
Бұл жағдайға байланысты Қарасай ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.
ТЖМ сел қаупі бар аумақта қазір қандай жұмыстар атқарылып жатқанын нақтылады. Ведомство мәліметінше, өңірде ТЖМ күштері мен құралдары күшейтілген кезекшілік режиміне көшірілген. Өзен арналары мен сел қаупі бар учаскелерге тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр.
— Ақсай өзенінің арнасын тереңдету және шайылған жерге кіреберіс жол салу жұмыстары жалғасып жатыр. Инертті материалдарды жеткізу және төгу бойынша 205 рейс орындалды. Өзен арнасын кеңейту жұмыстары үш учаскеде жүргізілді. Тереңдетілген учаскенің жалпы ұзындығы 140 метрді, тереңдігі 6 метрге дейін жетеді, — деп хабарлады ТЖМ.
Жұмыстарға барлығы 27 адам және 19 техника бірлігі жұмылдырылған. Гидрологиялық жағдай тұрақты.
Еске салайық, Қарасай ауданында Ақсай өзені тасуынан су желісі зақымданған болатын.
Сондай-ақ «Түрген — Асы» жолының су шайып кеткен учаскелерінде істеліп жатқан жұмыстарға тоқталдық.