Уақытша ұстау изоляторынан қашып шыққан ақтөбелікке сот үкімі шықты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - 33 жастағы аудан тұрғыны бұған дейін бірнеше рет істі болған. Биыл мамыр айында 2 жылға бас бостандығынан айырылып, уақытша ұстау изоляторынан қашып шыққан. Енді ол жазасын қауіпсіздігі қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде өтейді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Қарғалы аудандық сотында 33 жастағы сотталушыға қатысты іс қаралды. Ол бұған дейін Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігі және 200-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша түпкілікті 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Арада бір жыл өткенде жазаны өтеу мерзімі қысқартылып, шартты түрде бостандыққа шықты. Ал 2026 жылдың мамыр айында Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігімен 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы сот залынан қамауға алынды. Алайда ол қамауда отырған жерінен қашып шығып, Қылмыстық кодекстің 426-бабы 1-бөлігімен тағы айыпталды.

Іс материалына сүйенсек, 33 жастағы аудан тұрғынына 2026 жылдың 12-мамыры күні сот үкімі шығады. Жазасын өтеуші уақытша ұстау изоляторында отырған кезде аумақ ішінде кешкі серуенге шығады. Сол кезде сотталушы қашып кетудің амалын жасайды. Темір есікті ашып, ауланың екінші бөлігіне өтеді. Кейін қабырғадан шығып тұрған кірпіштен басып, ғимараттың шатырына мініп жүгіреді және қашып үлгереді.

Сот отырысында сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындады. Қашып шыққан соң жолға шығып, көлік тоқтатып мінген. Ақтөбе қаласына жетер-жетпестен оны полиция ұстап алады.

Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 426-бабы 1-бөлігімен айыпты деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 58-бабы 2 және 6 бөліктерімен түпкілікті 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде өтейді.

Еске салсақ, Ақтөбеде ондаған көлікті заңсыз тіркеген қылмыстық топқа сот үкімі шықты. Сотталушылар 5 жыл 6 айдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Оларға Қылмыстық кодекстің төрт бабы бойынша айып тағылды.