НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Ордабасы» командасы UEFA аясындағы барлық турнирден шеттетілмейтін болды. Аталған ұйымның клубтар бойынша қаржылық бақылау арбитраждық палатасы осындай ұйғарымға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі UEFA сайтына сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетелік, аталған ұйым «Ордабасы» клубы тарапынан төлемдер бойынша кездескен проблемаға байланысты қатаң талап қойған болатын . Онда 2019 жылдың 30 қыркүйегіне дейінгі барлық берешектермен есептескені жөнінде 2020 жылдың 31 қаңтарына дейін толық дәлелдеуі тиіс екені көрсетілген. Шымкенттік клуб 2019 жылдың желтоқсан айында өздеріне қойылған барлық талапты орындады. Нәтижесінде енді олар 2020/21 и 2021/22 жылдардағы еурокубок ойындарына қатысуға мүмкіндік алды.
Өткен жылы «Ордабасы» Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінде үшінші орынды еншілеген еді. Биыл Еуропа лигасында бақ сынайды. Сондай-ақ, биыл Қазақстан атынан елордалық «Астана» Чемпиондар лигасында, Алматының «Қайраты» мен Қызылорданың «Қайсары» Еуропа лигасында ел намысын қорғайды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.