— Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — делінген ресми жауапта.
Еске салайық, жуырда жергілікті ҰҚК департаменті Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметінің көмегімен мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Берік Өтеевке қатысты қылмыстық іс тіркегені туралы ақпарат тарады.
Әлеуметтік желілерде ол жеке себептермен бір адамға қатысты жасырын тергеу әрекеттерін заңсыз санкциялады деген болжам айтылды.
Сондай-ақ, Берік Өтеев қамауға алынбаған, қазір ол еңбекке жарамсыздық демалысында делінген.
Айта кетейік, Берік Өтеев Ақтау қаласының Мамандандырылған тергеу сотының төрағасы қызметіне 2023 жылғы 26 маусымда тағайындалған.
Оның еңбек жолы құқық қорғау органдарымен тығыз байланысты. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын құқық магистрі дәрежесімен тәмамдағаннан кейін, экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаментінде (қаржы полициясы) жұмыс істеген. Кейін Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел басқармасында офицер болған.
Сот жүйесіне 2020 жылы келіп, еңбек жолын Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында бастаған.
Бұған дейін Ақтау теңіз портының бұрынғы басшысы сот залынан бостандыққа шыққанын жазғанбыз.