ҰҚК көліктегі полиция қызметкерінің ұсталғанын растады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қызметкердің есірткі тасымалына қатысы болуы мүмкін. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, көліктегі полиция қызметкері Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласында ұсталған. Ол есірткі тасымалына қатысты іс бойынша күдікке ілікті. Қылмыстық кодекстің «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу» бабы бойынша іс қозғалды.

— ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті сұрауыңызды қарастырды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — деп жауап берді ҚР ҰҚК бөлімше бастығы Олжас Бектенов.

Егер күдіктінің қылмыстық ісі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Атырау — Ақтөбе бағытындағы пойызда билетсіз жолаушы қайтыс болды. «Жолаушылар тасымалы» компаниясының мәліметінше, оқиға 2026 жылдың 13 шілдесінде Қандыағаш — Ақтөбе учаскесінде болған.