Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдау мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар, жеңілдетілген қаржыландыру, кепілдік беру және экспортты ынталандыру тетіктері арқылы жүзеге асырылады. Бұл шаралар қазақстандық кәсіпорындарға тұрақты өткізу нарығын қалыптастырып, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және бизнесті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Отандық өндірушілер үшін кепілді өткізу нарығын қалыптастыруда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының орны ерекше. Қордың дерегінше, 2025 жылы қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі екі есеге артып, шамамен 2,2 трлн теңгеге жетті. Сонымен қатар инфрақұрылым және энергетика салаларында 62 басым жобаны іске асыру арқылы отандық тауарлар мен қызметтерге тұрақты сұраныс қалыптастырылды.
Қазіргі уақытта Қордың сатып алу жүйесінде отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдаудың 16-дан астам тетігі қолданылады. Олардың қатарында қазақстандық өндірушілерден міндетті сатып алу, қамтамасыз етудің барлық түрінен босату, жеткізуші отандық тауар өндіруші болған жағдайда 30 пайызға дейін алдын ала төлем жасау және жеткізілген өнімнің ақысын төлеу мерзімін қысқарту шаралары бар.
Бұл тетіктер кәсіпорындардың тапсырыс көлемін алдын ала жоспарлауына және өндірісін тұрақты дамытуына жағдай жасайды.
Мәселен, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында «Самұрық-Қазына» жүйесінде отандық тауар өндірушілермен жалпы құны 594 млрд теңгеден асатын 3,8 мыңнан астам келісімшарт жасалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға көп. Оның ішінде жалпы құны 343 млрд теңгені құрайтын 171 ұзақмерзімді келісімшарт бар. Бұл көрсеткіш те бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 1,7 есе өскен.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік сатып алуда да қазақстандық өндірушілердің үлесі артып келеді. 2024 жылы олармен жалпы құны 370 млрд теңгеден асатын 145 мыңнан астам келісімшарт жасалған. 2025 жылы келісімшарт саны 16,5 пайызға өсіп, 169 мыңға жетті. Ал олардың жалпы құны 23,3 пайызға артып, 456 млрд теңгені құрады.
2026 жылғы 31 шілдедегі жағдай бойынша отандық тауар өндірушілермен жалпы құны 97 млрд теңге болатын 68 мың келісімшарт жасалған.
Қаржыландыру мен инвестиция тарту
Отандық кәсіпорындарды қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – жеңілдетілген қаржыландыру мен инвестиция тарту. Бұл бағытта «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің даму институттары кәсіпкерлерге өндірісті іске қосу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, бизнесті кеңейту және экспорт көлемін арттыру кезеңдерінде қолдау көрсетеді.
Атап айтқанда, «Даму» қорының желісі бойынша 2024 жылдан бастап 2026 жылғы тамызға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі 10,3 мың жобаға жалпы сомасы 2,2 трлн теңге көлемінде кредиттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 4 674 жоба субсидиялау, 3 633 жоба кепілдік беру, 1 998 жоба жеңілдетілген қаржыландыру құралдары арқылы қолдау тапты.
Бұған қоса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Даму» қоры шағын және орта бизнестің 13 мың жобасына 2,2 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетті.
Кәсіпкерлердің банк қаржыландыруына қолжетімділігін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылғы сәуірде кепілдік қорларының тетігі іске қосылды. Бұл механизм кәсіпкерлердің қаржы алу мүмкіндігін кеңейтіп, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға бағытталған. Аталған тетік аясында 3 мыңнан астам кепілдік берілді.
Ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға Қазақстанның даму банкі де қатысады. Өткен жылы банк жалпы сомасы 2,3 трлн теңгені құрайтын 77 инвестициялық жоба мен экспорттық операцияны қаржыландырды. Нәтижесінде 10 ірі өндірістік нысан жаңғыртылып, пайдалануға берілді.
Олардың қатарында жылына 90 мың автокөлік шығаруға қауқарлы толық циклді мультибрендті автомобиль зауытының құрылысы, сондай-ақ Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында жалпы қуаты 200 МВт болатын жел электр станцияларының құрылысы бар.
Қазақстандық өнім экспортын ілгерілету
Мемлекеттік қолдау отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін арттырумен ғана шектелмейді. Қазақстандық кәсіпорындардың шетелдік нарықтарға шығуына да қаржылық және сақтандыру құралдары арқылы жағдай жасалып отыр.
Бұл бағытта Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі жұмыс істейді. Агенттік металлургия, машина жасау, тамақ және химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен және басқа да салалардағы 131 экспорттаушыға жалпы сомасы 653,7 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетті.
Ірі мәмілелер қатарында «Sapa Trade Company» ЖШС қарызын сақтандыру, «Шин-Лайн» ЖШС айналым қаражатын толықтыру, сондай-ақ «Прима Құс» ЖШС құс етін өндіру зауытының құрылысына берілген қарызды сақтандыру бар.
Тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына көрсетілген қолдау көлемі 418,5 млрд теңгеге жетті. Бұл құралдарды шикізаттық емес сектордағы 69 кәсіпорын пайдаланған. Олардың 61 пайызы – шағын және орта бизнес өкілдері.
Ал шикізаттық емес сектордағы инвестициялық белсенділікті арттыруда «Qazaqstan Investment Corporation» (QIC) маңызды рөл атқарады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша корпорацияның жаңа инвестициялары 13 есе өскен. QIC қатысатын қорлар арқылы өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, инфрақұрылым және технологиялық бағыттарды қамтитын 15 жобаға 787,5 млрд теңге көлемінде қаржы тартылды.
Осылайша, отандық тауар өндірушілерді қолдау мемлекеттік сатып алуға басымдық берумен ғана шектелмей, ұзақмерзімді тапсырыстар, жеңілдетілген қаржыландыру, инвестиция тарту және экспортты сақтандыру тетіктері арқылы кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл шаралар қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін арттырып, ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін кеңейтуге бағытталған.
Айта кетейік, өткен аптадағы Үкімет отырысы жылу беру маусымының барысы талқыланып, жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі пысықталды. Бірінші мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде электр станцияларының тозу деңгейі 52% дейін, электр және жылу желілерінің тозу деңгейі тиісінше 65,7% және 48% дейін төмендеді. Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны орта есеппен 6% азайды. Бұл көрсеткіш электр станцияларында 8% қысқарды. Жарты ғасырдан бері жұмыс істеп тұрған жылу желілері ауыстырылды.
Халықты көмірмен қамтамасыз ету мақсатында министрлік жанында барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Республикалық штаб жұмыс істеп тұр. Жалпы, ағымдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге қажеттілігі 7,3 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға – 1,6 млн тонна, халыққа – 5,7 млн тонна.
Жылу беру маусымына қатысты түйін сөзіне айтқан Премьер-министр Олжас Бектенов жылуға қатысты тұрғындардан шағым көп түскен өңірлерді атады.
- Қазіргі таңда барлық өңірде жылу беру маусымы басталды. Жаз айларында жабдықтарды, жылу мен электр желілерін жөндеу шаралары қабылданды. Тұтынушыларға жылу кестеге сәйкес берілді. Бірақ жылудың сапасына наразы немесе жылусыз қалған тұрғындар тарапынан шағымдар да келіп түсіп жатыр. Олардың ішінде Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындары бар, - деді Олжас Бектенов.
Екінші мәселе бойынша сөз алған Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтың мәліметінше, жылу беру кезеңінде өрттердің 55 пайыздан астамы тұрғын үй секторында, яғни жеке тұрғын үйлерде орын алады. Өрттің негізгі себептері – электр құралдарын, пешпен жылыту жүйелерін орнату және пайдалану ережелерінің бұзылуы.
- Сонымен қатар өрт және газдан улану салдарынан қаза тапқандардың басым бөлігі зейнеткерлер мен уақытша жұмыссыз азаматтар. Осыларды ескере отырып, Министрлік мынадай іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Бірінші кезекте, тұрғын үй секторында қауіп-қатердің алдын алуға бағдарланған профилактикалық жұмыстар іске асып жатыр. Мұнда қамтылған үйлердің санына емес, өрт шығу қаупінің деңгейіне қарай жұмыстар ұйымдастырылады, - деді М. Мұханов.
Оның атап өтуінше, жеке тұрғын үй секторында және қоғамдық тамақтану орындарында тұрмыстық газ баллондарын пайдалану да тәуекел факторларының бірі болып қала береді. Оларды пайдалану, сақтау және толтыру талаптарын бұзу - ауыр зардаптарға әкелетін өрттер мен жарылыстардың қаупін арттырады.
Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрлігіне қолданыстағы газ баллондарын жаңартудың тетігін әзірлеуді тапсырды.
- Өткен жылу беру маусымында газ баллондарының жарылуына байланысты 7 оқиға тіркелді. Негізгі себеп оларды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы болды. Бүгінде 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны 40-50 жылдан бері пайдаланылып келеді. Оларды шұғыл ауыстыру қажет. Өнеркәсіп министрлігіне баллондар өндірісін жолға қою тапсырылған болатын. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында осындай зауыт іске қосылды. Алдағы уақытта Атырау және Алматы қалаларында да ашу көзделіп отыр. Ендігі кезекте жеке тұрғын үйлермен қатар, тамақтану орындарында да газ баллондарын ауыстыру жұмыстарын жолға қою керек, - деді О. Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне датчиктерді сатып алу және орнату үшін қаражат қарастыруды, Ішкі істер мен Төтенше жағдайлар министрліктеріне өрт шығу қаупі бар жағдайларды анықтап, шұғыл шаралар қабылдау үшін тұрақты рейдтер өткізіп тұруды, тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын қараша айының соңына дейін жалғастыруды, бірінші кезекте, студенттер тұратын орындарды –жатақханалар мен хостелдерді, сондай-ақ білім беру нысандарын ерекше бақылауға алуды тапсырды.