Үкімет жаңа оқу жылына дайындық барысын пысықтайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері жаңа оқу жылына дайындық барысын талқыға салуды жоспарлап отыр.

Фото: ҚазАқпарат

Отырыс күн тәртібіне шығарылған мәселе қаралып болғаннан кейін БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Оның барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мен Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов тілшілер тарабынан туындайтын сауалдарға жауап береді.

Айта кетейік, Елімізде 8 028 мектеп жұмыс істейді. Осы жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала осы білім ошақтарының табалдырығын аттайды деп күтілуде. Бүгінде болжанған бала санының 320 мыңға жуығы, яғни шамамен 84 пайызы мектептерге құжаттарын тапсырып үлгерді. Қабылданған балалардың 296 мыңға жуығы мемлекеттік, 23 мыңға жуығы жекеменшік мектептерде білім алады. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге 128 мыңға жуық бала, сондай-ақ білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала қабылданды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Бірінші сынып оқушыларының ең көп саны Түркістан облысында - 50 мыңнан астам, Алматы облысында - 35 мыңнан астам, Астанада - 33 мың, Алматыда - 31 мыңнан астам және Шымкентте - 29 мыңнан астам болады деп күтілуде. Бұл осы өңірлердегі халық санының көптігімен және туу деңгейінің жоғары болуымен байланысты.

Елімізде міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бар. Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Оны таңдауда білім алушылардың жас ерекшеліктері, климаттық жағдайлар, сабақ өтетін орын, оқу ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес мектеп формасында жарақат келтіруі мүмкін фурнитура мен аксессуарлар болмауы тиіс. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген қағидаларға сәйкес оқу ғимараты ішінде бас киіммен жүруге жол берілмейді.

Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында мектеп формасын, аяқ киім мен мектепке қажетті құралдарды сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 2026-2027 оқу жылы қарсаңында мұндай қолдаумен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған.

Жаңа оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады. Бірінші тоқсан 8 оқу аптасына созылады. Күзгі демалыс 7 күнге жалғасып, 2026 жылғы 26 қазан мен 1 қараша аралығын қамтиды. Екінші тоқсан да 8 оқу аптасын құрайды. Қысқы демалыс 14 күнге созылып, 2026 жылғы 28 желтоқсан мен 2027 жылғы 10 қаңтар аралығында өтеді.

Бірінші сынып оқушылары үшін 2027 жылғы 8–14 ақпан аралығында 7 күндік қосымша демалыс қарастырылған. Үшінші тоқсан 10 оқу аптасына созылады. Көктемгі демалыс 7 күнге жалғасып, 2027 жылғы 22–28 наурыз аралығын қамтиды.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Төртінші тоқсан 8 оқу аптасына созылып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік қызметтер экожүйесі қаралды. Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев еліміздің аталған саладағы жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар жуырда іске қосылған eGov GPT-дің тиімділігі жөнінде мәліметтермен бөлісті

— Азаматтар eGov GPT мүмкіндіктерін 150 мыңнан астам рет қолданып үлгерді. Ол мемлекет пен азаматтар арасындағы барлық мәселе бойынша әмбебап AI-ассистентке айналуы тиіс. Сондықтан орталық мемлекеттік органдар азаматтар мен бизнеске арналған ведомстволық AI-агенттерді eGov GPT-мен байланыста әзірлеу қажет, — деді вице-премьер.

Фото: Ақорда

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жыл соңына дейін әлеуметтік-еңбек саласында жасанды интеллектіні тағы бес бағыт бойынша енгізу жоспарланып отырғанына тоқталса, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа цифрлық E-Notary платформасы іске қосылатынын айтты.

Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков бизнестің бірыңғай цифрлық экожүйесін құру аясында әр кәсіпкердің цифрлық профилі қалыптастырылатынан тоқталды.

— Жаңа жүйені нөлден құрудың орнына Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін дамытып, оны бірыңғай цифрлық платформаның өзегіне айналдыру ұсынылады. Бұл платформада мемлекеттік деректер, бизнестің цифрлық профилі, аналитикалық сервистер, жасанды интеллект құралдары және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну процестері біріктіріледі. Іс жүзінде мемлекет, бизнес және мемлекеттік қолдау операторлары үшін бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптасады, — деді вице-министр.

Сондай-ақ BTS Digital компаниялар тобының басқарушы директоры Мақсат Нұриденұлы Aitu платформасын дамытуға қатысты бірқатар жаңа бастаманы таныстырды. Оның айтуынша, Aitu-да ұлттық дәстүрлерге негізделген қаржылық сервистер де іске қосылмақ. Атап айтқанда, пайдаланушылар «Сүйінші», «Көрімдік», «Асар» және «Садақа» сияқты төлемдерді арнайы форматта жібере алады. Бұл қызметтер ақша аударымдарын ұлттық мәдениетпен байланыстырып, рәсімдеуді жеңілдетуге бағытталған.

Отырысты түйіндеген Премьер-министр Олжас Бектенов жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік қызметтерді дамыту үшін министрліктер мен өзге де мемлекеттік органдарға мынадай міндеттер жүктеді

- мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерді жаңа бірыңғай «QazTech» платформасына көшіру және интеграциялау үдерістерін жандандыруы;

- әкімдіктер Жасанды интеллект министрлігімен және «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясымен бірлесіп, өңірлік жаңа цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруды осы жылдың соңына дейін аяқтауы;

- Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биыл бірден көрсетілетін форматқа көшіруге болатын қызметтердің тізбесін айқындауы;

- Ұлттық экономика министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, екі ай ішінде монополия субъектілерінің белгіленген мерзімдерді қатаң сақтай отырып, қызметтерді цифрлық форматта көрсетуін қамтамасыз етуі;

- Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, азаматтардың коммуналдық қызметтермен шарттарды проактивті түрде бекіту қызметін барлық өңірде толыққанды енгізуі.

- Жасанды интеллект министрлігі«Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бір апта ішінде Үкіметке енгізуі қажет.