Үкіметте өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларын дамыту мәселелері қаралды

АСТАНА.KAZINFORM — Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Үкіметте өнеркәсіп және құрылыс, энергетика және көлік министрліктері басшыларының қатысуымен кеңестер өтті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Үкімет

Кездесулер барысында ағымдағы жұмыстардың қорытындылары шығарылып, өңдеу өнеркәсібін, жер қойнауын пайдалану саласын, энергетикалық кешенді және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жоспарлар қаралды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің желісі бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Нормативтік базаны жетілдіру және саланы басқаруда заманауи тәсілдерді енгізу басым міндеттер болып қала береді.

Сондай-ақ мұнай-газ секторындағы және электр энергетикасындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңа генерациялық қуаттарды іске қосуға баса көңіл бөлінді. Атап айтқанда, ЖЭО құрылысы бойынша жобаларды жүзеге асыру барысы және отандық мұнай өңдеу зауыттарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды. Жиынға қатысушылар мұнай-газ химиясын дамытумен қатар ішкі нарықты газбен жабдықтау мәселелерін де қарады. Вице-премьер жылыту маусымының қалыпты өтуін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Көлік инфрақұрылымы мен логистиканы дамыту мәселелері де егжей-тегжейлі талқыланды. Атап айтқанда, автожол саласының, азаматтық авиацияның, теміржол және теңіз көлігінің әлеуетін кеңейту жайы сөз болды. Процестерді цифрландыруға және жобаларды жүзеге асыру мерзімдерін сақтауға ерекше назар аударылды, бұл көлік қызметтерінің сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты нәтижелерге қол жеткізу қажеттігіне тоқталды.

Кеңестер қорытындысы бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар тапсырма берді. 

Айта кетелік Олжас Бектенов жеңіл өнеркәсіпті дамыту тәсілдерін қайта қарауды тапсырған еді.