Ұлытау облысында 30-ға жуық әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан жаңғыртылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысында 30-ға жуық ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Жезқазған қаласында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді талқылауға арналған кездесуде айтылды.

Фото: Құрылтай

9 қарашада өткен кездесуге Құрылтай депутаты Дархан Ахмедиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Аманжол Әлтай және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев қатысты.

Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басымдықтар талқыланды.

Атап айтқанда, цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және адами капиталды дамыту мәселелеріне назар аударылды.

– Мемлекет басшысының Жолдауы ел дамуының стратегиялық бағдарларын айқындап, экономиканы нығайтуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Осы бастамалардың өңірлік деңгейде жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асырылуын қамтамасыз ету баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді Дархан Ахмедиев.

Кездесуде өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуға арналған «Халықтық құрылыс» бағдарламасына ерекше назар аударылды.

Бағдарлама аясында облыста жаңа білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандарын салу жоспарланып отыр. Бұл әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Үкіметтің қолдауы аясында Ұлытау облысында 30-ға жуық ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру бағытында да бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Негізгі теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары аяқталған.

Сонымен қатар Жезқазғанды Қызылорда, Арқалық және Қарағанды қалаларымен байланыстыратын стратегиялық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұл жобалар көлік қатынасын жақсартуға, жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған.

Бұдан бөлек, облыста денсаулық сақтау, білім беру және спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған.

Жобалар бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ, «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы мен «Zhyly Zhurek» қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Жоспарланған жұмыстар аясында өңірдің қалалары мен ауылдарында ауруханалар, емханалар, балабақшалар, инклюзивті және оңалту орталықтары, заманауи спорт кешендері мен Конгресс-орталығы салынып жатыр.

Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік қолдау шаралары, медицина қызметкерлерінің еңбекақысы, педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайту, сондай-ақ өңірдің экологиялық және технологиялық мәселелеріне қатысты сауалдарын қойды.

Су ресурстарын тиімді пайдалану және цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де талқыланды.

Жиын соңында спикерлер тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме берді.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында 25-тен астам ірі әлеуметтік және инженерлік-коммуникациялық жобаны жүзеге асыру басталғаны хабарланған болатын. Жобалар ұлттық компаниялар мен ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.