Ұлытау техникалық университетінің түлектері Қазақстан мен АҚШ дипломдарын алып шығады

Фото: gov.kz

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Президент тапсырмасына сәйкес Ұлытау техникалық университетін ашу үшін ауқымды жұмыс басталды. Бұл туралы облыс әкімі Дастан Рыспеков есептік баяндамасында айтты.

Әкімнің баяндауынша, жақында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасында меморандум жасалды. 

— Жаңа университет білім, ғылым, өнеркәсіп бір арнаға тоғысқан алаңға айналады және Ұлытау облысының экономикалық, әлеуметтік әлеуетін күшейтуге ықпал етеді. Университет түлектері қазақстандық және АҚШ (Colorado School of Mines) дипломына ие болады, — деді Дастан Рыспеков елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Биыл Ұлытау облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аясында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 380 орындық екі мектеп пен 805 орынға арналған үш балабақша пайдалануға берілді.

Өңірде алғаш рет аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылды. 7 мектеп жөнделіп, 28 пәндік кабинет сатып алынды. 

— Осы жылы Қаражал қаласы мен Мыңадыр станциясында 2,6 млрд теңгеге екі мектептің құрылысы аяқталғалы жатыр, Жезқазған мен Сәтпаевта екі жаңа балабақша салу жоспарланып отыр. Демеушілік қаражат есебінен Оқушылар сарайының құрылысы басталды, — деді Дастан Рыспеков.

2026-2027 жылдары Жезқазғанда 1200 орындық BINOM мектебінің құрылысы, 400 ұл балаға және 400 қыз балаға арналған «БІЛІМ ИННОВАЦИЯ» мамандандырылған лицейі мен 2 интернат-жатақханасын салу жоспарланып отыр. 

— Биыл республикалық «Үздік 100 мектеп» қатарына облыс бойынша 3 мектеп қосылды. 2024-2025 оқу жылында облыстың білім сапасы 59,1% болса, биыл 61,7% нәтижесімен республика бойынша 6-шы орынды иеленді. 2025 жылы «Алтын белгі» белгісінің иегерлері 2 есе өсіп, 74 түлекке жетті. «Үздік педагог» республикалық байқауында облыстың 4 педагогы жеңімпаз атанып, облысымыз үздік үштік қатарынан көрінді, — дейді спикер.

Бұған дейін облыс әкімі Ұлытау облысында орташа жалақы 7,5%-ға өскенін айтқан еді. 

Сондай-ақ, Ұлытау облысының бюджеті 30 млрд теңгеге артты. 

Ұлытау облысы әлеуметтік азық-түлік тауарларының 4 түрі бойынша өзін-өзі қамтамасыз етеді.