Үлкен Алматы көліне апаратын жаңа соқпақ қараша айында ашылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жаңа «Мәрмәр» туристік соқпағының құрылысы жүріп жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта Үлкен Алматы көліне тікелей апаратын ұзындығы 5,3 шақырым жаңа жаяу жүргіншілер бағытын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда жұмыстардың 80%-ы аяқталған. Жобаны 2026 жылғы қараша айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.

Маршрут бойында шолу және демалыс алаңдары, баспалдақтар, өткелдер, ақпараттық тақталар мен бағыттаушы белгілер қарастырылған.

— Жаңа соқпақ Алматының ең көрікті жерлерінің бірі — Үлкен Алматы көліне жаяу баруды барынша жайлы, қолжетімді әрі қауіпсіз етеді, — деп хабарлады басқармадан.

Бұған дейін алматылықтар Үлкен Алматы көліне апаратын жол құрылысына шағымданды. Желіде Үлкен Алматы көліне жаяу жүргіншілер соқпағын салу кезінде баспалдақтың ішіне қоқыс салынғаны туралы видео жарияланды. Кейін Алматы қаласының туризм басқармасы аталған учаскені тексеріп, технологиялық талаптардың бұзылғаны анықталмағанын мәлімдеді.

Еске салайық, Алматыдан көлге баратын жол 2020 жылдан бері жеке көліктер үшін жабық деуге болады. Тек 2023 жылы «Алматы–Космостанция» автожолының 8-34 шақырым аралығы 1 айға жуық ашылып, сол жылдың қыркүйегінде қайта жабылды.

2025 жылдың ақпан айында «Алматы-Космостанция» автожолы (8-34 км) «ҚазАвтоЖол» қарамағынан Алматы әкімдігінің иелігіне берілді.

Биыл Үлкен Алматы көліне дейін жаяу жүргіншілер жолы салынатыны белгілі болды.