Ұлттық банк мемлекеттік қарызды басқаратын арнайы кеңсе құрып жатыр

Фото: Адлет Беремкулов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов үкімет отырысында мемлекеттік қарызды басқаратын арнайы кеңсені не үшін құрып жатқандарын айтты.

— Мемлекеттік бағалы қағаздардың ішкі нарығын дамыту үшін мемлекеттік қарызды басқару офисі (Debt Management Office) құрылып жатыр. Ол офис қарызды басқару саясатын жетілдіру бағытындағы стратегиялық функцияларды орындайды. Сонымен қатар, ақпарат жинау, қарыздың тұрақтылығын талдау, шешімдер дайындау операциялық міндеттерін де орындайды, — деді Ұлттық банк басшысы.

Айтуынша, бұл кеңсе мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының дамуына және кірістілік ізін қалыптастыруға ықпал етіп, ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігін күшейтеді.

Осыған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында елдегі валюта бағамы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптаса беретінін айтты. Бірақ қажет болған жағдайда реттеуші орган ретінде валюта бағамына интервенция арқылы әсер етуге дайын екендерін атап өтті.

Сондай-ақ, бүгінгі Үкімет отырысында Қазақстан аумағында жедел респираторлық вирустар мен тұмаудың өршуі желтоқсанның ортасына дейін жалғасуы мүмкін екені айтылды