Вице-министрдің айтуынша, қаржыландыру тәсілі біртіндеп қайтарымсыз қаржыландырудан инвестициялық несиелеуге ауысып жатыр. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және оған қосымша жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
– Мемлекеттің басты мақсаты – пайда табу емес, халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау және азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау. Барлық бюджеттік инвестициялық жобалар басымдықтарына қарай іріктелді, – деді Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда өткен бюджет таныстырылымында.
Алдағы үш жылда Ұлттық қор қаражаты есебінен 347 стратегиялық жобаны іске асыруға 5 трлн теңге көзделген. Оның 4,4 трлн теңгесі төрт негізгі бағытқа – көлік және логистикаға, әлеуметтік салаға, энергетика мен су ресурстарына бағытталады.
– Бұл – елге қажетті жобалар, перинаталдық орталықтар мен өңірлік ауруханалар, жылу және газ желілері, автомобиль жолдары мен су инфрақұрылымдары. Инвестициялардың маңызы инфрақұрылымды дамытумен ғана шектелмейді. Олар тікелей әлеуметтік-экономикалық нәтиже береді, – деді Қаржы вице-министрі.
Жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 31 мың жұмыс орны ашылады. Оның 25 мыңы – тұрақты жұмыс орындары.
Бюджетке шамамен 3,7 трлн теңге салық түсімі түседі деп күтілуде. Жобаларды іске асыру шамамен 13 миллион адамды қажеттіліктермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Бұл – болашақ ұрпаққа салынған инвестиция. Өздеріңіз білесіздер, Ұлттық қордан балаларға тікелей қаражат аударылып келеді. Сонымен қатар, мемлекеттің міндеті – өскелең ұрпақтың болашағына қажетті заманауи әрі сапалы инфрақұрылым қалыптастыру. Яғни бүгін жүзеге асырылып жатқан жобалар келешекте өскелең ұрпақтың игілігіне қызмет етеді, – деді А. Бейсенбекұлы.
Бұған дейін Қаржы вице-министрі экономиканың нақты секторын дамытуға 3,7 трлн теңге бөлінетінін айтқан еді. Қаражат көлік инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығын, өнеркәсіп пен құрылысты, кәсіпкерлікті және цифрлық дамуды қолдауға жұмсалады.
Өңірлерді қолдауға жыл сайын бюджеттің төрттен бір бөлігі немесе 7,4 трлн теңге (24,8%) жіберіледі.
Сондай-ақ Халық Кеңесін құруға бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінеді.