Ұлттық инфрақұрылым жоспары аясында базалық жобалар қамтылады
Осыған дейін Энергетика министрлігіне электр стансаларын тексеруді 2023 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау тапсырылған болатын. Бірінші кезекте тозу деңгейі 70%-тен асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер – 1 600 шақырым. Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады. Бұл – өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты талап етеді.
«Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ, бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыру қажет екенін айтты. Осы орайда, Президент Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынды. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуі тиіс. Сонымен бірге, 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шекаралас аудандарда қоныстанғысы келетін азаматтарға тұрғын үйді арзандату туралы тапсырма берді.
«Саладағы саясатты жүйелейтін және түбегейлі жақсартатын қала құрылысы кодексінің маңызы зор. Үкімет шекаралас аудандарда қоныстанғысы келетін азаматтарымыз үшін тұрғын үйді арзандату мәселесін шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Сондай-ақ, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға және құруға назар аудару қажет. Менің ойымша, бұл – маңызды стратегиялық міндет. Бізде 65 шекара маңы ауданы бар, өкінішке қарай олардың көпшілігінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен деңгейде», - деді Президент.
Жақында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров шекара маңындағы ауылдарды дамыту жоспары туралы айтты.
«Елімізде 65 ауданда 1,7 млн адам тұратын барлығы 1 283 шекара маңындағы ауыл бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында 2023 жылға 140 шекара маңындағы ауылда 290 жобаны іске асыру жоспарланып отыр», - деді Ә. Қуантыров Үкімет отырысында Президенттің Парламент сессиясы ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде.
800-ден аса инвестициялық жоба іске асырылмақ
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Марат Қарабаев индустрияландыру, өндірісті оқшаулау және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстарға түсінік берді. 2029 жылға дейін 147 мыңға жуық жұмыс орнын құрылып, жалпы сомасы 33 трлн теңгеден асатын 800-ден аса инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Осы жобаларды іске асыру шамамен 9 трлн теңге сомасына өндіріс көлемін қамтамасыз етеді, импортты алмастыру 5 трлн теңге, экспорт 4,2 трлн теңге деңгейінде ескерілген. Қосылған құны жоғары тауарларды оқшаулауды және шығаруды тереңдетуге негізінен машина жасау, құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп және металлургия салаларындағы жобалар бағытталған. Іске асырылып жатқан жобаларды қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында биыл шағын өнеркәсіптік аймақтар іске қосылады.
«Ұлттық инфрақұрылым жоспарын әзірлеу үшін мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылады. Инфрақұрылымдық дамудың негізгі проблемаларын шешу мақсатында, жоспарда базалық инфрақұрылым жобалары, оның ішінде автомобиль және теміржолмен, әуе желісімен, сумен, жылумен, газбен және электр энергиясымен жабдықтау, сондай-ақ байланыс, телекоммуникациямен қамтамасыз ету қамтылады. Ұлттық Жоспар әлеуметтік-коммуналдық саладағы проблемаларды шешуге, сондай-ақ пайдалануға берілетін жаңа өнеркәсіп нысандарының энергия ресурстарына қатысты өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуге бағытталады», - деді Индустрия министрі.
Сонымен қатар, ол шекара маңындағы елді мекендер бойынша Президент тапсырмасына қатысты тоқталды.
«Халықтың ауылдық және шекара маңындағы аумақтардан кетуін азайту мақсатында бірінші кезекте жаңа өндірістерді іске қосу арқылы тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр. Жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру Өнеркәсіп қорында қарастырылған қаражат есебінен жүзеге асырылады», - деді министр.
Мұнымен қоса, ауыл тұрғындарына жалға берілетін тұрғын үй салушылардың шығындарын субсидиялау тетігі іске қосылды. Осы тетік арқылы ауыл азаматтарына 2 855 тұрғын үй салу жоспарланған (14,3 млрд теңге). Бұдан басқа, ауылда жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру мақсатында жыл сайын 22 мың жер учаскесі инженерлік коммуникациямен қамтамасыз етіледі.
Атап айтқанда, Құрылыс кодексін даярлау мақсатында жұмыс тобы құрылып, жол картасы бекітілді. Ірі салалық қауымдастықтардың және институттардың қатысуымен кодекстің алғашқы жобасы әзірленді. Бұл жоба осы айда қоғамдық талқылауға шығарылмақ.
«Биылдың соңына дейін әзірленген жобаны Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу жоспарланып отыр. Тұтастай алғанда, құрылыс кодексі 4 заңды біріктіреді («Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы», «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы», «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы»). Осы орайда, құрылыс процесінің циклын жоспарлаудан пайдалануға дейін толық қамтиды», - деді ведомство басшысы.
Инфрақұрылымды дамытудың негізгі жобалары белгіленеді
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Министрлер кабинетінің мүшелеріне коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін кез келген проблеманың алдын алатын шаралар қабылдауды тапсырды.
«Индустрия, Ұлттық экономика, Энергетика, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп, Елдің орнықты инфрақұрылымдық каркасының ұлттық жоспарын әзірлеуі тиіс. Онда инфрақұрылымдық дамудың барлық негізгі мәселелерін ашып көрсетіп, 2029 жылға дейінгі негізгі жобаларды белгілеу қажет», - деді Премьер-Министр.
Бұдан бөлек, ол су ресурстарын тиімді басқару, су қорын үнемдеу, оны ауыл шаруашылығында ұтымды пайдалану бойынша түбегейлі жаңаша көзқарас қажет екенін айтты. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су кодексінің жаңа редакциясын әзірлеп жатыр. Осы орайда, жұмысты жеделдету тапсырылды.
Мұнымен қоса, баспанаға барынша мұқтаж адамдар ерекше назарда болады.
«Мемлекет басшысы Құрылыс кодексін қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Құрылыс саласын жетілдіру керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс саласындағы барлық құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жоюы қажет. Бұдан бөлек, тұрғын үй саясатын қайта қарау қажет. Баспанаға барынша мұқтаж адамдарға басымдық берілуі тиіс. Индустрия министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1 ай мерзімде нақты тәсілдерді әзірлеуі қажет. Шекара маңындағы аудандарға қоныс аударғысы келетін азаматтар үшін тұрғын үй бағасын арзандатуға көңіл бөлу керек», - деді Ә. Смайылов.
Оның айтуынша, шекара маңындағы аудандарды дамытуда қажет инфрақұрылымды қаржыландыруға басымдық беру маңызды.
«Жергілікті тұрғындар үшін жаңа қолдау шаралары, соның ішінде жалақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерге үстемеақыларды қарастыру қажет. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы шараларды іске асыруға кірісуі тиіс», - деді Үкімет басшысы.