— Үндістанның Парадип портында ұсталған MT UNITY танкерінің экипажындағы қазақстандық теңізші кемеден шықты. Ол Делиге ұшып барып, кейін Үндістан аумағынан шықты, — деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі.
Қазақстандық дипломаттар азаматымызға консулдық-құқықтық қолдау көрсетті.
Бұған дейін Үндістан жағалауында ұсталған Unity танкерінің экипажындағы қазақстандық теңізші кемеден шығып, елден кететіні хабарланған еді.
Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, Unity танкері 11 мамырдан бері Үндістанның Парадип порты маңындағы зәкір тұрағында қамауда тұр. Кеме Камерун туымен жүзеді.
Теңізшілердің туыстары танкердің иесі Bluetide Charters FZE компаниясы екенін айтады. Олардың мәліметінше, кеменің ұзақ уақыт бойы тұрақта тұруы кезінде экипаж азық-түлік пен ауыз су тапшылығына тап болған. Сондай-ақ байланыс үзілген және техникалық ақаулар болған.
6 қазанда Орисса штатының Жоғарғы соты Үндістан билігін Unity экипажын отанына қайтару үшін шұғыл шаралар қабылдауға міндеттеді.
Кемеде Ресейдің 20 азаматы, сондай-ақ Мысыр мен Қазақстанның теңізшілері болды. Сот Үндістанның сауда теңіз қатынасы туралы заңына сүйене отырып, кеме иесі экипажды қажетті көмексіз қалдырғанын мойындады. Үндістан тарапына теңізшілерді кемеден түсіруді, елдеріне қайтаруды және экипажды ауыстыруды мүмкіндігінше қысқа мерзімде ұйымдастыру тапсырылды.
17 қыркүйекте Қазақстан Сыртқы істер министрлігі танкердің ұсталғанын растады. Сондай-ақ жағдайды реттеуге жәрдемдесу туралы өтінішпен Үндістан тарапына дипломатиялық нота жолданғанын хабарлады.