НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова US Open турнирінде қарсыласына есе жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 452-орында тұрған Я.Шведова алғашқы айналымда әлемнің 99-ракеткасы, италиялық Ясмин Паолинимен шеберлік байқасты.
Бұл кездесуде италиялық теннисші 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Я.Паолини 1 сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында 1 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Я.Шведова 4 эйс, 4 брейкке (6 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Осылайша АҚШ ашық чемпионатында жекелей сында төрт қазақстандық теннисшінің үшеуі жеңіліс тапты. Тек Елена Рыбакина ғана келесі кезеңге өтті.
Бүгін ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик германиялық Янник Ханфманмен кортқа шығады. Сондай-ақ Зарина Дияс америкалық Аманда Анисимовамен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның US Open турнирінде жеңіліп қалғанын, Елена Рыбакинаның жеңіспен бастағанын, Михаил Кукушкиннің екінші айналымға шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).