Ұжымдық шартта жұмысшының қандай құқықтары жазылады

АСТАНА. KAZINFORM — Ұжымдық шарт жұмысшының жалақысы, жұмыс уақыты, демалысы, еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік кепілдіктері сияқты маңызды мәселелерді нақтылап береді. Құжат екі тараптың құқықтары мен міндеттерін белгілеп, еңбек дауларының алдын алуға көмектеседі. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлім етті.

Фото: Pexels

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұловтың айтуынша, Еңбек кодексінің 1-бабының 79-тармағына сәйкес, ұжымдық шарт — жұмыс беруші мен жұмыскерлердің өкілдері арасында ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін жазбаша келісім.

Фото: Астана қаласының әкімдігі

— Еңбек кодексінің 10-бабына сәйкес, еңбек қатынастары тек заңнамамен ғана емес, ұжымдық шарттармен де реттеледі. Бұл ретте ұжымдық шарттың ережелері жұмыскерлердің жағдайын еңбек заңнамасының нормаларымен салыстырғанда нашарлатпауы тиіс. Ұжымдық шарт жасасудың құқықтық негіздері ҚР Еңбек кодексінің 156 және 157-баптарында айқындалған. Онда еңбекақы төлеу, жұмыс уақыты мен тынығу режимі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, әлеуметтік кепілдіктер, сондай-ақ қабылданған міндеттемелердің орындалуын бақылау мәселелері реттелуі мүмкін. Сауатты әзірленген ұжымдық шарт әлеуметтік әріптестікті нығайтуға және еңбек жанжалдарының алдын алуға ықпал етеді. Мемлекеттік еңбек инспекциясының деректеріне сәйкес, жұмыскерлердің өтініштерінде ең жиі кездесетін мәселелер — еңбекақы төлеу, еңбек жағдайларын өзгерту, жұмыс уақыты режимі, демалыс беру және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы. Көптеген жағдайда мұндай даулардың сапалы ұжымдық шарт болған жағдайда алдын алуға болады, — дейді департамент басшысы. 

Еңбек кодексінің 158-бабына сәйкес, ұжымдық шарт оған барлық тарап қол қойған сәттен бастап орындалуға міндетті. Мемлекеттік еңбек инспекциясы ұжымдық-шарттық реттеуді дамытуға ерекше назар аударады. Осы бағытта профилактикалық бақылау, жұмыс берушілерге консультациялық көмек көрсету және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, жұмыс берушілердің біріне жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында ұжымдық шартта көзделген көшпелі сипаттағы жұмыскерлерге өтемақы төлеу жөніндегі міндеттемелердің орындалмағаны анықталды.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жұмыс берушіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындауға міндетті нұсқама берілді.

— Ұжымдық шарт Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде бекітілген әлеуметтік әріптестік қағидаттарын іске асырудың маңызды тетігі болып табылады. Оны тиімді қолдану жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға, жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Ұжымдық-шарттық реттеу мәдениетін дамыту, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ еңбек заңнамасы бұзушылықтарының алдын алу мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді, — деп Ерлан Исмағұлов сөзін қорытындылады.

Айта кетейік, жыл басынан бері өндірісте 727 жұмысшы зардап шекті.