В санаты: Табысы төмен болса да, отбасының активтері тексеріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев В санатына жататын отбасыларды бағалау тәртібін түсіндірді.

Фото: Pexels

Министрдің айтуынша, В санаты — экономикалық тұрғыдан тұрақты, жеткілікті деңгейдегі отбасылар. Бұл санатқа жатқызу үшін кемінде екі белгі болуы қажет.

Олардың қатарында:

• жан басына шаққандағы айлық табыстың 305 мыңнан 356 мың теңгеге дейін болуы;
• бірнеше жылжымайтын мүліктің болуы;
• премиум санаттағы автокөлікке иелік ету;
• орта бизнестің болуы;
• коммерциялық көліктің болуы;
• ауыл шаруашылығы техникасы, жер учаскелері мен мал басының болуы.

Премиум санаттағы көліктер қатарына Mercedes-Benz, BMW, Audi, Lexus, Genesis және Toyota Land Cruiser маркалары енгізілген.

— В санаты экономикалық тұрғыдан тұрақты отбасыларды қамтиды. Олардың қатарында жеке және квазимемлекеттік сектордың топ-менеджерлері, жоғары жалақы алатын мамандар, кәсіпкерлер мен үлкен активтердің иелері бар, — деді А. Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

В санатындағы табыс өлшеміне сүйенсек, төрт адамнан тұратын отбасының айлық табысы шамамен 1,2–1,4 млн теңге аралығында болады.

Алайда отбасының санатын анықтағанда тек табыс көлемі шешуші рөл атқармайды. Мүлік пен өзге де активтер жиынтығы бірге қаралады.

Министрдің мәліметінше, В санатына жататын отбасылар саны 1 млн 50 мың үй шаруашылығына жетеді. Бұл — елдегі барлық үй шаруашылығының шамамен 15 пайызы.

— Мысалы, көпбалалы отбасын қоса алғанда, сегіз адамнан тұратын үй шаруашылығын алайық. Бір адамға шаққандағы табыс — 178 мың теңге. Көрсеткіштің өзі В санатының талабына сәйкес келмейді. Алайда отбасының меншігінде жалпы ауданы 520 шаршы метр болатын екі үй, жүк көлігі, 180 бас мал және 120 гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Бұл ауқаттылықтың төрт белгісі. Яғни отбасының ресми табысы салыстырмалы түрде төмен болғанымен, үлкен активтері бар. Сондықтан тек жалақыға қарап бағалау отбасының нақты материалдық жағдайын толық көрсетпейді, — деді Асқарбек Ертаев.

Бұған дейін А. Ертаев бірде-бір мұқтаж қазақстандық қолдаусыз қалмайтынын айтқан еді.

Ал жәрдемақы үшін ажырасудың алдын алу үшін бөлек тұратын ата-аналар да баланың отбасы құрамына енгізіледі.

Бұған дейін Еңбек министрі «А» санатының белгілерін атаған еді.