Вандализм — қоғам дерті: Елімізде жыл басынан бері қанша құқықбұзушылық тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Ресми деректерге сүйенсек, былтыр елімізде вандализм бойынша жеті қылмыстық іс тіркелген. Сонымен қатар ұсақ бұзақылық бойынша 26 мың, ал бөтеннің мүлкін әдейі бүлдіру бойынша 4 мыңнан аса дерек бар.

Фото: Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы

Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін құттықтау барысында бұл мәселенің өзектілігін тағы бір мәрте еске салып, ұлттық тәрбие мен мәдениетті сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

Әсіресе тарихи-мәдени нысандар мен табиғи қорықтарға зиян келтіру бойынша бұзақылық істер тыйылмай тұр. Ескерткіштерге атын жазып кету, ғимараттарды шимайлау, аялдамалар мен лифтілерді бүлдіру жиілеген. 

Мәселен жуырда Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы тарихи мешіттің сыртқы келбеті заңсыз өзгертіліп, белгісіз біреулер пластик терезе орнатып, кірпіш қалап тастағаны қоғамда үлкен талқылау тудырды.

Дәл осы өңірдегі бірегей Ыбықтысай шатқалына заңсыз жазу жазған тұрғын да жауапкершілікке тартылды. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы ПБ анықтау тобының анықтаушысы Әділбек Қадірбаевтың айтуынша, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 294-бабының 1-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалған.

— Қылмыстық іс бойынша Жарас Алихан есімді азамат ұсталып, кінәсін толық мойындады. Мұнайлы аудандық сотының үкімімен ол 25 тәулікке қамаққа алынды. Вандализм, яғни тағылық бойынша өзге де жазалау шаралары бар, алайда сот үкімі қамаққа алуды дұрыс деп тапты, — деді полиция өкілі Jibek Joly телеарнасының Бүгін.LIVE бағдарламасында.

Фото: Видеодан скрин

Қазіргі таңда заң бойынша вандализм үшін 100-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 100 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау жазасы қарастырылған. Тәртіп сақшылары халықтың көпшілігі табиғи орындардың маңызын және қылмыстық жауапкершілікті түсінбейтінін айтады. Осыған байланысты тергеу барысында табиғи және тарихи орындарға арнайы ақпараттық стендтер мен баннерлер ілу туралы ресми ұсыныстар берілген.

Еске сала кетейік, бұған дейін де Маңғыстау облысында вандализм бойынша қылмыстық іст тіркелген болатын. Вандал ежелгі петроглифтерді бүлдіріп кеткен еді.