Ватикан елшісі Рим Папасының Қазақстанға сапары туралы айтты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ватиканның Апостолдық Нунцийі, Ватикан елшісі Фрэнсис Ассизи Чулликат Рим Папасының Қазақстанға сапарының мән-жайын бөлісті және дипломаттарды қасиетті Мессаға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз сөзінде Ватикан елшісі Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл сөз сөйлегенін, ол жариялаған реформалар бағдарламасы көңіл бөлуге тұрарлық екенін атап өтті.

«Рим Папасының Қазақстанға сапары қызықтырса, егжей-тегжейін айтайын. Ол 12 қыркүйекте келеді, Qazaqstan концерт залында дипломатиялық корпус пен азаматтық қоғам өкілдерінің алдында сөз сөйлейді. 14 қыркүйекте елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтеді, онда Рим Папасы да сөз сөйлейді. Күннің екінші жартысында Месса өтеді. Бұл - біз өткізетін қасиетті рәсімдердің бірі. Әзірге біздің тізімде мыңға жуық адам бар, шамамен 6-10 мың адам келеді деп болжап отырмыз. Рим Папасы өз сапарының соңғы күні съездің жабылу салтанатында сөз сөйлейді. Басқа да өзекті ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігінің протоколдық кеңсесі арқылы білуге болады», - деді Фрэнсис Ассизи Чулликат.

Сонымен бірге, Ватиканның Апостолдық Нунцийі дипломатиялық корпустың Рим Папасымен өтетін қасиетті Мессаға шақырылатынын айтты.

Кептелістер мен басқа да проблемаларды болдырмас үшін дипломатиялық корпусқа Сыртқы істер министрлігі ғимаратынан қасиетті массаға дейін көлік беріледі.

Еске сала кетсек, 12-14 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді.

Рим Папасы Франциск Съезге келу сапары аясында ашық аспан астында Месса рәсімін өткізеді.

Шара 14 қыркүйек күні сағат 16:45-те Мәңгілік Ел даңғылы, B1 мекен-жайында (Nur Alem павильоны алдындағы алаң - EXPO халықаралық көрме орталығының аумағы, стелланың жанында) өтеді. Кіру тегін.