Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі: БҰҰ әлем елдерін көмекке шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен ұлттар ұйымы Венесуэлаға көмек көрсету үшін халықаралық қауымдастықты бұрын-соңды болмаған деңгейде жұмылуға үндеді, деп хабарлайды euronews.

Фото: Pixabay

Венесуэлада болған екі жойқын жер сілкінісінен 188 адам қаза тауып, 1 500-ден астамы жарақат алды. Мыңдаған адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Бұл табиғи апат елдегі гуманитарлық дағдарысты одан әрі ушықтырды. Осыған байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық қауымдастыққа шұғыл үндеу жасады. АҚШ, Испания, Колумбия және басқа да бірқатар мемлекет көмек көрсетуге дайын екендерін мәлімдеді.

— Елге ауыр зардап әкелген жойқын жер сілкіністерінен кейін Венесуэла халқына қолдау көрсету үшін барлық мүмкіндігімізді жұмылдырып отырмыз, — деді БҰҰ-ның гуманитарлық операциялар жөніндегі басшысы Том Флетчер БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы (OCHA) таратқан мәлімдемеде.

Магнитудасы 7,2 және 7,5 болған екі жер сілкінісі бір минут аралықпен тіркеліп, көптеген ғимараттың қирауына, электр энергиясының өшуіне және елдің басты әуежайының жабылуына себеп болды. Тұрғындардың айтуынша, онсыз да күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайда жұмыс істеп жатқан төтенше жағдай қызметтері қажетті ресурстардың тапшылығына тап болған.

Қазіргі уақытта құтқарушылар үйінділер астынан тірі қалған адамдарды іздеу жұмыстарын жалғастыруда. Ал БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы халықаралық қалалық іздестіру-құтқару жасақтарының жұмысын үйлестіріп жатыр.

Венесуэла билігі елде төтенше жағдай жариялап, мектептердегі сабақтарды тоқтатты. Білім беру мекемелері уақытша баспаналар мен гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ретінде пайдаланылады.

Жер сілкінісінің дүмпуі әсіресе Каракас қаласында және Фалькон секілді жағалаудағы штаттарда қатты сезілді. Бұл өңірлерде құлаған ғимараттардың астында әлі де адамдар қалып қойған. БҰҰ гуманитарлық ұйымдарға халықаралық қолдауды шұғыл түрде күшейту қажет екенін атап өтті. Ұйымның мәліметінше, алдағы сағаттарда қаза тапқандар саны әлі де артуы мүмкін.

Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригестің телеүндеуінде хабарланғандай, қазіргі уақытта БҰҰ сертификаттаған құтқару жасақтары тірі қалғандарды іздеуге көмектесу үшін елге аттанады.

Испания мен Франция ондаған маман жіберуге уәде берсе, Германия алты әскери-көлік ұшағын бөлді. Ал Швейцария 80 маманды, сегіз іздестіру-құтқару итін және 18 тонна арнайы техниканы мүмкіндігінше тезірек Венесуэлаға жөнелту үшін жұмылдырды.

Нидерландтың сыртқы сауда министрі Сьоррд Сьордсма іздестіру-құтқару жасағын жіберуге арналған 2 миллион еуро көлеміндегі көмек пакетін жариялады. Чехия да өз құтқарушылар тобының Венесуэлаға аттануға дайындалып жатқанын мәлімдеді.

Халықаралық қауымдастық Венесуэлаға қолдау білдіріп жатыр

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио X әлеуметтік желісіндегі парақшасында өз елінің атынан Венесуэла халқына «терең қайғыра көңіл айтты».

— Президент Дональд Трамптың тапсырмасы бойынша АҚШ Мемлекеттік департаменті Венесуэлаға жедел түрде іздестіру-құтқару топтарын, медициналық ресурстар мен гуманитарлық көмекті жіберіп жатыр, — деп жазды Марко Рубио.

Өз кезегінде Рим Папасы Лев XIV Венесуэлаға 100 мың еуро көлемінде қаржылай көмек бөлді. Бұл қаражат Қасиетті Тақтың қайырымдылық бастамаларына жауап беретін Апостолдық элемозинария қоры арқылы аударылды.

Испания астанасы Мадридтен ел үкіметінің төрағасы Педро Санчес Венесуэла халқына өзінің және бүкіл Испанияның толық қолдауын білдірді. Ол «жойқын түнгі жер сілкіністерінен кейін испан халқының ойы мен тілегі зардап шеккендер мен олардың отбасыларымен бірге екенін» атап өтті.

Көршілес Колумбияның сайланған президенті Абелардо де ла Эсприэлья да X желісінде Венесуэла халқымен ынтымақта екенін жеткізді.

— Колумбия осы қиын сәтте сіздермен бірге. Біз сіздерді жылылықпен, құрметпен және үмітпен қолдаймыз. Қаза тапқандар мен олардың отбасылары үшін дұға етемін. Құдай сіздерді жалғыз қалдырмайды, — деді ол.

Франция президенті Эммануэль Макрон да әлеуметтік желі арқылы Венесуэла президенті Делси Родригеспен сөйлескенін хабарлады. Оның айтуынша, Франциядан 85 іздестіру-құтқару маманынан құралған топ Оңтүстік Америка еліне шұғыл аттандырылып жатыр.

— Франция еуропалық серіктестерімен бірге Венесуэла билігінің сұранысына сәйкес зардап шеккен халыққа қажетті көмекті көрсетуге дайын, — деп жазды Макрон.

Тіпті АҚШ пен Израильмен әскери қақтығыс жағдайындағы Иран да Венесуэлаға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Елдің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Бакаи арнайы мәлімдемесінде іздестіру-құтқару және гуманитарлық операцияларға қажетті барлық көмекті ұсынатынын айтып, Венесуэла үкіметі мен халқымен ынтымақта екенін жеткізді.

Бұған дейін хабарланғандай, Венесуэлада 7,1 балдық жер сілкінісі тіркелді.