Венесуэлаға қарумен қысым жасау гуманитарлық апатқа әкеледі — Бразилия президенті
АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэланың ішкі мәселесіне қару арқылы қол сұғу аймақ үшін «гуманитарлық апатқа» айналып, бүкіл әлем үшін қауіпті жағдай қалыптастырады. Бұл туралы сенбі күні Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва Оңтүстік Американың ортақ нарығы — МЕРКОСУР және қауымдас елдер басшыларының 67-саммитінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа.
«Латын Америкасына аймаққа қатысы жоқ державаның әскери қысым жасауы өңірді есеңгіретеді», деді Л. И. Лула да Силва.
Ол «гүлденген әрі бейбіт Оңтүстік Американы құру — бізге сай келетін жалғыз доктрина» екенін атап өтті.
«Халықаралық құқықтың шекаралары сынға түсіп отыр. Венесуэлаға қарулы күш көрсету бүкіл жарты шар үшін гуманитарлық апатқа айналып, әлем үшін қауіпті прецедент болады», деп сөзін толықтырды ол.
Бразилия президенті сондай-ақ жуырда АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы болған әңгімесінде оған келіссөздер әскери текетіреске қарағанда әлдеқайда тиімді әрі аз шығынды жол екенін айтқанын жеткізді.
Дональд Трамп әкімшілігі Венесуэлаға бағытталған және елден шығатын мұнай танкерлеріне тосқауыл енгізіп, Венесуэла президенті Николас Мадуроның үкіметін «шетелдік террористік ұйым» деп жариялады.
Латын Америкасының бірқатар елдері мен аймақтық ұйымдары АҚШ-тың бұл әрекеттерін айыптап, диалогқа шақырды. Сондай-ақ олар БҰҰ мен халықаралық қауымдастықты тиісті шаралар қабылдауға үндеді.
Еске сала кетсек, Трамп Венесуэлаға қарсы теңіз блокадасын енгізді.
Ал Венесуэла билігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төтенше отырысын өткізуді сұрады.