ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының төртінші турында алғашқы болып «Ақтөбе» мен «Грация KZ» алаңға шықты.
Ақтөбелік клубқа жуырда белгілі ресейлік бапкер, бүгін 66 жасқа толып отырған Юрий Панченко тағайындалған болатын.
«Ақтөбе» 23 ұпаймен турнир кестесінде 6-орында тұрса, оралдықтар 9-сатыда еді.
Әзірге 11 ұпайы бар Айна Ғұбашеваның шәкірттеріне үздік сегіздікке ілігу үшін осы турда ұпай алуы қажет-ақ.
Бұл жолы бірінші партияда ақтөбеліктер айқын басымдылық көрсетті – 25:12. Екінші және үшінші сет барысында оралдықтар алға шыққанымен, сол мүмкіндікті пайдалана алмады – 21:25, 21:25.
Жалпы есеп – 3:0, «Ақтөбенің» пайдасында.
Осылайша, ақтөбелік ойыншылар жаңа бапкерінің туған күнінде жеңіске жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Талдықорғанда волейболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының төртінші туры басталатынын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).