Волейболдан Азия чемпионаты: Қазақстан қыздар құрамасы қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Таиландтың Накхонратчасима қаласында волейболдан 18 жасқа дейінгі қыздар командалары арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан Қырғызстанмен сынға түсті.

Фото: volleyfederationkz

Бұл Қазақстан құрамасының В тобындағы екінші кездесуі еді.

Қазақстандық қыздар үш сетте де сенімді ойнап, 3:0 (25:15, 25:16, 25:15) есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан құрамасы 3 шілде күні аса жауапты матчын Қытаймен өткізеді. Қытайлықтар кеше Қырғызстанды 3:0 есебімен жеңген болатын. Бүгін олар Гонконгпен ойнайды.

Азия чемпионатында командалар барлығы төрт топқа бөлінген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасы волейболдан Азия кубогында үздік бестікке іліккенін жазған едік.

Қазақстан қыздар құрамасы волейболдан Азия чемпионатын жеңіспен бастады.