Яна Легкодимованы өлтіргендер жазасын қай колонияда өтеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Яна Легкодимованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Алтынбек Катимов пен Ризуан Хайржанов «Қара бүркіт» колониясына этаппен жеткізілді.

Фото: Дарья Аверченко/ Kazinform

Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісіне Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады.

«Аталған сотталғандар өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арналған қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазаларын өтеп жатыр», – деп мәлімдеді ҚАЖК.

Бұған дейін Атырау облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандардың 19 сәуір күні таңертең этаппен жөнелтілгенін хабарлаған болатын.

Этаптау аяқталғаннан кейін олар өмір бойына сотталғандар ұсталатын «Қара бүркіт» арнайы мекемесіне жеткізілді.

Еске салсақ, бірінші сатыдағы сот Алтынбек Катимов пен Ризуан Хайржановты алдын ала сөз байласып, ерекше қатыгездікпен кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ жәбірленуші тараптың моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды.

2026 жылдың ақпан айында сотталғандар апелляциялық шағым түсіргенімен, сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, қайғылы оқиға 2024 жылғы 18 қазанда болған. Яна Легкодимова Ризуан Хайржановпен кездесуге кеткеннен кейін олардың арасында жанжал туындаған. Кейін Хайржанов танысы Алтынбек Катимовты шақырып, екеуі қызды өлтіріп, мәйітін Талдыкөл ауылы маңындағы өзенге тастаған.

Мәйіт сегіз айға созылған іздеу жұмыстарынан кейін 2025 жылдың маусым айында Атырау облысында табылып, сараптама оның Яна Легкодимоваға тиесілі екенін растаған.