АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 82-ракеткасы Юлия Путинцева Яссы (Румыния) WTA 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Жарыстың 9-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 118-орындағы армениялық Алина Чараеваны сынап көрді.
Бірінші сетте Путинцева қос бірдей брейкке қол жеткізді – 6:3. Екінші партияда алдымен Чараева 2:0 есебімен алға кетті. Дегенмен Юлия қарымта қайыра алды – 6:3.
Бір сағат 37 минутқа созылған бәсекеде Путинцева 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін құр жіберген жоқ. Чараева 1 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Юлия Путинцева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 97-ракеткасы, мысырлық Маяр Шериф немесе рейтингіде 100-сатыдағы испаниялық Кайтлин Кеведоның қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Румыниядағы жарысты жеңіспен бастағанын жазған едік. Сондай-ақ Александр Шевченко Швейцариядағы турнирде қарсыласын камбэкпен ұтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).