Заң жобасы: Тұтынушы медициналық техниканы қайтарып бере алатын болады

АСТАНА.KAZINFORM – Елімізде тұтынушыға медициналық техниканы сатушыға қайтаруға мүмкіндік беретін заң нормасы енгізілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов айтты.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

— Сапасы бұзылмаған азық-түліктерге 14 күн ішінде қайтарып беру нормасы жүрмейді. Ал егер сапасы бұзылса, мәселен пайдалану мерзімі өтіп кетсе, онда ол тауарға аталған заң нормасы жүреді, яғни оны сатушыға қайтарып бере аласыз. Дәрі-дәрмектер де дәл осындай. Мерзімі өтіп кету, өнімнің қаптамасы бүтін болмауы, шіл құтысының шытынап кетуі секілді себептермен жүгінсеңіз, бизнес субъектісі оны қайтарып алуға міндетті. Жаңа заңда медициналық дәрі-дәрмектердің қайтаруға жатпайтыны туралы норма сақталады, - деді ол «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау: бизнес, мемлекет және қоғам диалогы» атты форумда.

Спикер заң жобасында бұдан бөлек медициналық техника категориясы бөлек қаралып жатқанын айтты. 

— Медициналық бұйым деген бар да, медициналық техника деген бар. Медициналық бұйымға шприц, системаны мысал етуге болады. Оны тек бір рет қолдануға болады, сондықтан оны қайтаруға болмайды. Ал медициналық техника деп қысым өлшейтін тонометрді айтуға болады. Адамдар тұрмыстық техника саналатын микротолқынды пешті 14 күн ішінде сатушыға қайтара алады.

Ал тұтынушылардың құқығын қорғайтын қазіргі заң бойынша дәл сондай темір мен пластмассадан жасалған тонометрді қайтара алмайды. Сондықтан қазір бұл норма талқыланып жатыр, ондай бұйымды қайтаруға болады деп санаймыз, - деп түйді сөзін Серік Құсайынов

Еске сала кетсек, елімізде 2023 жылдың қыркүйегінен бері Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Қазір ол Мәжілістің қарауында.

Жаңа заң қабылданған соң тұтынушы 4 сатылы шағымдану кезеңдерінен өтпестен, бірден сотқа жүгіне алатын болады

Сондай-ақ тұтынушылар құқығын қорғау омбудсмені институты құрылады.

Электрондық сауда саласында да өзгеріс болады

Әуе тасымалы саласында билет құнын қайтарып алу мүмкіндігін беретін норма да енгізілуі мүмкін.