Танымал блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан экстрадицияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен құмар ойындарын жарнамалаған күдікті Қайсар Қамзаны экстрадициялады. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті.

Видеодан алынған кадр

Тергеп-тексеру органының нұсқасы бойынша 2025 жылғы қаңтарда ол әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ауқымды аудиторияны пайдалана отырып, сыйақы үшін заңсыз интернет-казино жарнамасын орналастырған және Қазақстан азаматтарын құмар ойындарына қатысуға тартқан.

Интернет-казиноны насихаттағаны үшін оның криптовалюталық әмиянына 200 мың АҚШ доллары түскен.

— Қылмыстық топтың қатысушылары 2021 жылдан бастап 2025 жылды қоса есептеген мерзімде Қазақстанда бірнеше заңсыз онлайн-казиноның қызметін ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген, — делінген хабарламада.

Осы орайда, қылмыстық топтың 9 сыбайлас қатысушысы қамауға алынғанын, ал қалғандарын, оның ішінде жоғарыда аталған күдіктіге де халықаралық іздестіру жарияланғанын атап өткен жөн.

— Биыл маусым айында Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сауалы бойынша ол Вьетнам аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы негізінде Қазақстанға экстрадицияланды, — деп хабарлады Бас прокуратурадан.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторында күзетпен қамауға алынды.

Күдіктіге тағылып отырған айып бойынша оған сол әрекеттi жасағаны үшiн мүлкi тәркiленiп, жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау көзделген.

Еске сала кетейік, ІІМ заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамза сәуір айында ұсталған болатын. 

Ал маусымда ҚР Сыртқы істер министрлігі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеу жарияланған блогер Қайсар Қамзаның Вьетнамда қамауда отырғанын мәлімдеді.