«Жамбыл облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүріп, қызметтік борышын орындау барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Олардың елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі», - деп жазды Е. Сәденов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар ол қайғылы оқиғаның мән-жайын тергеу барысы өзінің жеке бақылауында екенін атап өтті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 17 тамыз күні түнгі сағат 01:00 шамасында республикалық маңызы бар Меркі-Шу-Бурылбайтал тас жолының 34-ші шақырымында, Меркі ауданына қарасты Тәтті ауылының маңында жол-көлік оқиғасы болған. Тoyota Alfard минивені мен Skoda-Octavia полиция көлігі бетпе-бет соқтығысып, минивэн өртке оранған.
Оқиға салдарынан 6 адам қаза тапты. Оның екеуі — полиция қызметкері және төртеуі — Toyota Alfard көлігінің жолаушысы. Тағы төрт адам ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік, мерт болған полицейлердің бірі - 11 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы әке болған.
Бұған дейін осы көлік апатында мерт болған полицейлердің бірі — Жамбыл облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының инспекторы Ғалым Арыстанбаев пен жұбайы Әлия өздері жиі барып тұратын балалар үйінен сегіз бірдей баланы асырап алғанын жазған едік.