Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өзгеріс 2025 жылдың наурыз айында күшіне енген. «Туған жері» бағанында енді қала немесе елді мекен емес, тек елдің атауы жазылады.
Сондықтан, Қазақстанда туған азаматтардың жеке куәліктерінде «Қазақстан» деп көрсетіледі. Шетелде дүниеге келген азаматтардың да туған жері ретінде сол елдің атауы жазылады.
Мысалы, егер Қазақстан азаматы АҚШ-та туған болса, оның туған жері — «АҚШ».
Ішкі істер министрлігі бұл шешім құжаттау процесін жетілдіру және оны халықаралық тәжірибеге сәйкестендірумен байланысты екенін түсіндірді.
Ал, азаматтың туған жері, яғни облыс, аудан және қала туралы толық ақпарат цифрлық жүйеде сақталады. Агенттік азаматтарға бұл өзгеріске байланысты ағымдағы жеке куәліктерін ауыстырудың қажеті жоқ екенін атап өтті.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 1,5 млн-нан астам азамат төлқұжат пен жеке куәлік алған.
Бұған дейін Қазақстан Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде ЖСН өзгерту мүмкіндігі туралы таралған ақпаратты да түсіндірген болатын.