Жаңа туристік аймақ: Қара шатқалдағы аспалы шыны көпір қашан қолданысқа беріледі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында орналасқан Қара шатқал жаңа туристік орталыққа айналмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Кеген ауданы әкімі Таңат Айдарбеков айтты.

Фото: Алматы облысы әкімдігі

Аудан әкімі «ASK Capital» ЖШС бастамасымен Қара шатқал туристік аймағында аспалы шыны көпір салынып жатқанын айтты.

Оның сөзінше, қазір шатқалда тірек қадаларына арналған 16 арматуралық қаңқа дайындалған. Енді тереңдігі 25 метр болатын 16 қаданы орнату үшін бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі кезеңде тіректердң орнату, бетондау және көпір конструкцияларын монтаждау жоспарланған. Жобаның жалпы құны - 1,5 млрд теңге.

- Жоба толық іске қосылған жағдайда жылына 400–600 мың туристі қабылдау мүмкіндігі болады. Аспалы көпірдің құрылысын 2026 жылдың IV тоқсанында, ал оған іргелес өзге нысандардың құрылысын 2027 жылдың бірінші жарты жылдығында аяқтау жоспарланып отыр, - деді Таңат Айдарбеков.

Одан бөлек аудан әкімі мұнда «Қара шатқал» ЖШС туристік аймақ құру жобасын іске асырып жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта туристік нысан аумағында тамақтану орны, фотоалаң, әткеншек және шатқалды тамашалауға арналған арнайы көру алаңдары пайдалануға берілген. Бүгінге дейін жобаға 300 млн теңге инвестиция салынса, түбейгелі жобаның инвестициялық көлемі 1 млрд теңгеге жетеді.

Еске салайық, 2026 жылдың басында Қара шатқалдағы аспалы әйнек көпірдің жаңа эскизі таныстырылды.

170 метрлік әйнек көпірдің жобасы 2024 жылы таныстырылған болатын.

Жоба менеджері Манап Тағаевтың айтуынша, көпірде бір мезетте 3 мың адам жүре алатын болады. Көпірдің негізі берік триплекс әйнектен жасалса, ал бүкіл конструкциясы толықтай жиналмалы болады. Барлық элементтер дайын күйінде құрылыс орнына жеткізіліп, дәнекерлеу жұмыстарынсыз құрастырылады.