Жапонияның Кумамото префектурасында жер сілкінді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Жапонияның Кумамото префектурасында магнитудасы 5,7 болатын жер сілкінісі болды. Цунами қаупі жарияланған жоқ, деп хабарлайды Kyodo News.

Фото: Japan Meteorological Agency

Жапония метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 02:22–де тіркелген. Жерасты дүмпуінің ошағы Амакуса-Асикита ауданында, шамамен 10 шақырым тереңдікте орналасқан.

Префектураның кейбір аудандарында жер сілкінісінің қарқындылығы Жапонияның 7 балдық шкаласы бойынша бесінші деңгейдің төменгі шегіне жеткен.

Жерасты дүмпулерін Кюсю аралының тұрғындары, сондай-ақ Сикоку мен Хонсю аралдарының кейбір аудандарындағы халық сезген.

Айта кетейік, осыдан 4 ай бұрын Кумамотода жойқын жер сілкінісі болған. 28 шілдеде өңірде магнитудасы 7,1 болатын жерасты дүмпулері тіркеліп, ондаған адам қаза тапқан. Табиғи апат инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтірген. Соның салдарынан қағаз фабрикасындағы мұржа да құлаған.

19 қарашадағы жер сілкінісінен зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы әзірге ақпарат жарияланған жоқ.

Бұған дейін Румынияда магнитудасы 5,3 болатын жер сілкінісі болғаны хабарланған еді. Жерасты дүмпулерін Молдова тұрғындары мен Украинаның бірнеше облысындағы халық сезген.