Румыниядағы жер сілкінісі Молдова тұрғындарын ұйқысынан оятты
АСТАНА. KAZINFORM — Румынияда магнитудасы 5,3 болатын жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулерін Молдова тұрғындары мен Украинаның бірнеше облысының халқы сезген. Қаза тапқандар мен қираған нысандар туралы ақпарат түскен жоқ. Бұл туралы DW жазды.
АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Нережу-Мик елді мекенінен батысқа қарай 16 шақырым жерде болған. Жерасты дүмпуінің ошағы 130,8 шақырым тереңдікте орналасқан.
Жер сілкінісі туралы ақпарат 18 қарашаға қараған түні жарияланды. Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы (EMSC) да осыған ұқсас мәлімет таратты.
Жерасты дүмпулері Молдовада да сезілген. Ел билігі бастапқыда жер сілкінісінің магнитудасы 6,5 болғанын хабарлады.
Кишинев тұрғындары әлеуметтік желілерде түнде жер сілкінісінен оянғандарын жазды. Олардың айтуынша, пәтерлердегі заттар дірілдеп, кейбірі құлаған.
UNIAN агенттігінің хабарлауынша, жер сілкінісін Украинадағы Киев, Одесса, Полтава, Кировоград, Николаев, Черкассы және Днепропетровск облыстарының тұрғындары да сезген.
Агенттік бұл жер сілкінісін кейінгі жылдардағы ең күшті дүмпулердің бірі деп атады.
Қираған нысандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Еске салайық, бұған дейін 7 қарашада Оңтүстік Кореяның оңтүстік-шығысында магнитудасы 3,6 болатын жер сілкінісі тіркелгенін хабарлағанбыз. Бұл – елде жыл басынан бері болған ең күшті жер сілкінісі.