АСТАНА. KAZINFORM – Анталия (Түркия) қаласында теннистен жасөспірімдер арасында Дэвис кубогы финалдық кезеңінің жеребесі тартылды.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, еліміздің жасөспірімдер құрамасы В тобына түсті.
Қазақстандықтар Франция, Оңтүстік Африка Республикасы және Гонконг құрамаларымен ойнайды.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 11 қараша күні Гонконг командасымен кездеседі.
Командалық әлем чемпионатында Қазақстан намысын Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай және Даниэль Тазабеков қорғайды.
Команда капитаны Сергей Квак.
Аталмыш әлемдік дода 11-17 қараша аралығында өтеді. Әр топтан үздік екі құрама ширек финалға жолдама алады.
Бұл – қазақстандық жасөспірімдер үшін екінші чемпионат. Өткен жылы олар үздік ондыққа кірген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің тартысты ойында Хельсинки турнирінің финалынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ америкалық теннисші 20 жасында жылдың қорытынды турнирінің жеңімпазы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).