Өткен тәулікте Ақтөбе облысында 8 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Екеуі жөтеліп, дене қызуы көтеріліп, дәрігер көмегіне жүгінді. Ал өзгесінде ауру белгісі жоқ. Бесеуі Ақтөбе қаласынан, үшеуі Мәртөк ауданынан тіркелді.
«Облыста коронавирус инфекциясы 3623 адам жұқтырды. Қазіргі кезде 95,2% жазылып шықты. Жалпы тіркелген жағдайдың 3,5% сырттан әкелінген. Ал 14,3% ауру адаммен қарым-қатынаста болған. Нақтылап айтсақ, 82,1% жергілікті жағдай. Соның ішінде 34,2% профилактикалық мақсатта тексерілген. Қазіргі таңда үй карантиніне 248 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі. Ресми дерек бойынша 37 адам коронавирус инфекциясынан көз жұмды. Көбі созылмалы дерті бар адамдар.
Наурыз айында шетелден келгендер тексеріліп, жергілікті кәсіпкерлер маска тігуді бастады
Ақтөбе облысы бойынша коронавирус инфекциясы алдымен наурыз айында анықталды. 22-наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласы арқылы ақпарат тарап, жергілікті атқарушы орган елді сабырға шақырды. «Иә, індет жұқтырған бір адам анықталғаны рас. Бірақ өңірдегі барлық жағдай толық бақылауда. Науқас карантинде. Тұрғындарға төніп тұрған қауіп жоқ», - деп жазды Ғани Өтепбайұлы Facebook парақшасында.
Шетелден келгендер жаппай тексеріліп, карантинге жатқызылды. Араларында Қытайдан келгендер мен Италияда демалған ақтөбеліктер де бар. «Қытайдан келген төрт адам карантинде болып, вирус анықталмаған соң шығарылды. Ал Италиядан келген екі адам қазір дәрігерлер бақылауында. Әжесі мен немересі шетелге демалуға барған екен», - деді Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.
Ал ауыл кәсіпкерлері бетперде тігіп, ақтөбелік серіктестік залалсыздандыру сұйықтығын өндіре бастады. Бұған дейін тұрмыстық химия өнімін шығарған компания дезинфекция өнімдерінің 4 түрін, яғни, антисептик, хлоросептик әзірледі. Өнімдер Өзбекстан, РФ экспорттау жоспарланды.
Ақпан айында шектеу шарасы енгізілді
Коронавирустың таралуын алдын алу мақсатында 31 наурыз күні сағат 00:00-ден бастап санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүзеге асырылды және жеке, заңды тұлғаларға арналған шаруашылық және өзге де қызметке ерекше талап енгізілді. Қаулыға сәйкес транзиттік көліктерді, сондай-ақ тамақ өнімдері, дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар, Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласының өнеркәсіптік, ауылшаруашылық кәсіпорындарының үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған тауарлар мен материалдарды таситын көліктерді қоспағанда, көлік құралдарының барлық түрлеріне және азаматтарға Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласының аумағына кіруге және шығуға тыйым салынды.
Осы сәтте Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин халықты сабырға шақырып, бұл қиындықты бірге еңсеруге шақырды.
«Біз мұндай нәубеттің талайын бастан өткізген халықпыз. Осындай сын сағатта ел екендігімізді көрсетейік. Бір-бірімізге демеу болайық. Жасы үлкен қарттарымызды ұмытпайық. Олар үйлерінде жападан жалғыз, назардан тыс қалып жүрмесін. Көрші-көлем болып, телефонмен хал-жағдай сұрасып тұрайық. Қажеттіліктерін өтеуге жәрдем берейік. Көпбалалы отбасыларын да ұмытпайық. Өмір бір орында тұрмайды. Ең бастысы, үмітімізді үкілеп, ертеңгі күнге сенімімізді арттырайық. Елдігімізді асқақтатып, ұлттық ұйысудың үлгісін көрсетейік. Өйткені ешкім де сырттан келіп біздің жағдайымызды түзетіп бермейді. Не жасасақ та - өзіміз жасаймыз. Тек береке-бірлік болсын. Сонда ғана қандай қиындық болса да бірге жеңіп шығамыз», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Залалсыздандыру жұмысы жан-жақты жүргізілді
Ақтөбеде супермаркеттің алдына алғашқы туннель орнатылды. Жеке кәсіпкер Хайдар Ильясов аймақ басшысына өз күшімен жасаған залалсыздандыру туннелінің жұмысын көрсетті. Оның жоғары жағында сұйықтық бүркіп тұрды. Кәсіпкердің айтуынша, осы арқылы дүкенге келушілер дезинфекцияланды. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қала әкіміне мұндай жабдықтар санын арттыруға және оларды барлық супермаркеттер мен қала базарларының алдына орнатуға көмек көрсетуді тапсырды. Мәлім болғандай, Хайдар Ильясов бұл құрылғыны Түркия өнертапқыштарының тәжірибесі негізінде жасаған.
Сонымен бірге әскери міндеттілер дезинфекция жұмысына кірісті. Аумақтық қорғаныс бригадасы мен ТЖД жеке құрамы залалсыздандыру жұмысын жүргізді. Ақтөбе облысы әкімінің қауіпсіздік және қорғаныс әскери қызмет жөніндегі көмекшісі Әділбек Култаевтың айтуынша, ҚР Президентінің Жарлығы шыққан кезде 300-ге жуық ерікті жергілікті әскери комиссариаттарға жүгінген. Бірінші кезекте денсаулығына байланысты арнайы дайындықтан өткен 100 әскери қызметші іріктелді.
Карантин және індеттің өршуі
Ақтөбе қаласы 6 сәуір күні карантинге жабылды. Кейін шектеу шарасы сәл жеңілдеді. Өкініштісі – мамыр-маусым айларында індет қайта өршіді. Оның негізгі себебі де айтылды. «Сәл босаңси бастағанда індет өршіп шыға келді. Ауру жұқтырған науқастар саны да күрт өсті.
Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, қауіпті індетті жоққа шығарып, санитарлық талапты сақтамау, екіншіден, төтенше жағдай тоқтап, карантиндік режимді босаңсыту салдары. Үшіншіден, тұрғындар арасында белсенді скрининг өткізу нәтижесі. Осының ішінде ең бастысы әрі қауіптісі – вирустың бар екеніне сенбеу, сақтану шараларына бейжай қарау.
Осындай түсінікте жүргендер қоғамға ең қауіпті адамдар деп есептеймін. Өйткені олар осы әрекеттерімен көпшілікке зиянын тигізуде. Өкінішке қарай, індетке шалдығып, оның зардабын кеш түсінгендер де кездесуде. Арамызда адам көңіліне күдік салатын әртүрлі жалған ақпарат таратушылар да жетерлік.
Ойдан құрастырылған оқиғалар мен жалған куәлік берушілер жасаған аудио, видео материалдар күннен күнге көбеюде. Оны ұйымдастырушылар еліміздің қауіпсіздігіне зиян келтіруші. Ал соған сеніп, әлеуметтік желіде таратушылар соның қолшоқпары болып отырғандар. Біліп, білмей істесе де олар сіз бен біздің өмірімізге зиян келтірушілер. Ол адамдар вирустан да қауіпті. Оған тек қана осылай баға беруіміз керек. Әлем болып осы індетпен күресіп жатқан барлық адамзат ақымақ па? Ия жалған ақпаратқа сенуші скептиктер ғана ақылды ма?
Алпауыт елдердің басшылары осы індетке душар болып, емделуі еріккеннің ермегі ме? Әлде түсіну, сену үшін өзіміз, жақынымыз науқастану керек пе?» - деді өңір басшысы Оңдасын Оразалин.
Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева жаңа қаулы шығарды. Барлық медициналық ұйымда (ауруханалар, емханалар, стоматологиялық, гинекологиялық) науқастарды жоспарлы стационарлық және амбулаториялық емдеуге қабылдауды уақытша тоқтатты.
Коронавирус инфекциясымен қатар өкпесі қабынған науқастарды барлық аурухана қабылдады.
Дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесін жою үшін бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. «Дәріхана желісінің айналымын толықтыру үшін Ресейден, Үндістаннан дәрі-дәрмектің 16 түрін қосымша сатып алу үшін 500 млн теңге бөлінді. Дәріханалар дәрілермен күн сайын толығып отыр, бірақ сұраныстың жоғары болуына байланысты тез азаюда. Соған сәйкес импорттық дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін Орынбор қаласындағы облыстық дәріхана қоймасымен қосымша келісімшартқа қол қойылды. Осыған байланысты провизорлық стационарларға неғұрлым сұранысқа ие он дәрілік зат жеткізілуде. Бұл бізге қосымша 20 күндік дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді»,- деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
#Бізбіргеміз
Елімізде #Бізбіргеміз қайырымдылық акциясы өтіп, ақтөбелік еріктілер де дәрігерлер мен науқастарға көмек берді. Мейрамхана мен дәмхана иелері ауруханаларға үш мезгіл ыстық тамақ тасыды.
Аудандағы кәсіпкерлер науқастардың тез сауығып кетуі үшін жас ет жеткізіп, қымыз таратты.
Сөйтіп шілде айының соңғы онкүндігінде Ақтөбеде жедел жәрдем шақырғандар саны 4 есеге азайды.
Облыс орталығында орналасқан провизорлық орталықтар жабыла бастады.
«Жатақханадағы провизорлық орталық 300 кереуетке есептелген. Онда 800-ге жуық адам емделді. Қазір жабылады, бірақ жатақхана резерьвте болады. Оттек баллоны, оны беру жүйесі, дәрі-дәрмек қоры, кадрлары сақтаулы. Қажет болса бір күнде қайта ашылады. Енді «Дару» жеке емханасындағы орталық жабылуы мүмкін», - деді сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Данияров.
Тамыз айында шағын және орта бизнес өз жұмысын қайта бастап, қыркүйек айында тұмауға қарсы вакцина беріле бастады.
3 мыңнан астам кереует резерьвте тұр
Ақтөбе облысы бойынша «Жайсаң» және «Әлімбет» шекара бекетінде карантиндік стационар орналасқан. Шекараны кесіп өткен әр адам карантинге жатқызылады. ПТР тест сынамасы бар адамдардың елге кіруіне рұқсат берілген. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кереует орындарының саны 315-тен 3603-ке арттыруға мүмкіндік бар. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жиналды. Сонымен бірге ауруханалар жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы жаңарды. Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының Қаулысына сай жаңа жылдық ертеңшіліктер мен ұжымдық басқосулар өткізуге болмайды. Сонымен бірге демалыс және мереке күндері сауда, ойын-сауық кешендеріне бірқатар шектеу жалғасады.