Ақтөбеде дәрі сатып алуға 500 миллион теңге бөлінді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмек сатып алу үшін бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржы кәсіпкерлерге қарызға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде дәрі сатып алуға 500 миллион теңге бөлінді

Ақтөбеде 573 дәріхана бар. 15 ірі компания дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отыр. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті дәрілік заттардың 41 түріне бақылау жүргізеді.

«Дәріхана желісінің айналымын толықтыру үшін Ресейден, Үндістаннан дәрі-дәрмектің 16 түрін қосымша сатып алу үшін 500 млн теңге бөлінді. Дәріханалар дәрілермен күн сайын толығып отыр, бірақ сұраныстың жоғары болуына байланысты тез азаюда. Соған сәйкес импорттық дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін Орынбор қаласындағы облыстық дәріхана қоймасымен қосымша келісімшартқа қол қойылды. Осыған байланысты провизорлық стационарларға неғұрлым сұранысқа ие он дәрілік зат жеткізілуде. Бұл бізге қосымша 20 күндік дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді «, - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Айта кетейік, маусым-шілде айларында облысқа дене қызуын түсіретін дәрілердің 14, түрлі антибиотиктердің 23, вирусқа қарсы дәрі нің 5 түрі, шамамен 500 мың дана «Парацетомол», «Цефозолин», «Цефтриаксон» және т.б әкелінді.

Еске салсақ, облыс әкімі Оңдасын Оразалин тікелей эфирде індетпен күрес жұмысын түсіндіріп берді.