Жайлы мектеп: Ақтөбеде бірнеше мектептің құрылысы тоқтап тұр

Фото: Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша салынуы тиіс бірнеше мектептің құрылысы қазіргі кезде тоқтап тұр. Ал келер жылы құрылысы басталатын мектептердің жобасы әлі дайын емес.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында өңірде барлығы 18 мектеп салынады деп жоспарланды. Оның14-ін биыл қолданысқа беру қарастырылған. Құрылыс жұмысы орын тапшылығы жиі кездесетін Ақтөбе қаласында басым. Алайда қазір кейбір мектеп құрылысы тоқтап тұр, кейбірінің келісімшарты бұзылды. Сонымен бірге құрылыс мерзімін кешіктіріп жатқан мердігерлер де бар. 

- Тапсырыс беруші - «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы. Сол компанияның ақпаратына сүйенсек, 14 мектептің 6-ы жаңа оқу жылында қолданысқа берілуі тиіс. Бірақ сол алты мектептің үшеуі қыркүйекте емес, бірінші тоқсаннан кейін қолданысқа берілуі мүмкін. Олар: Сазды, Сарыжар және Есет батыр – 3 тұрғын алабында. Ақтөбе қаласы Ақжар, Бауырластар және Келешек ауданындағы мектептер 1-қыркүйекке үлгеруі тиіс. Ал өзгесінің бәрі жыл соңында беріледі деп айтылды. Проблемаға келер болсақ, кейбірінде жобасы қате. Жобалаушылар жобаны дұрыс жасамаған соң сараптамадан өте алмай жатыр,- деді Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Мәселен Темір ауданы Кеңқияқ ауылындағы 600 орынды мектеп құрылысы қазір тоқтап тұр. 2023 жылы басталған құрылыс жұмысы биыл аяқталуы тиіс болатын. Мұнда әзірге тек іргетасы қаланып жатыр. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Былтыр 17-тамыз күні құрылыс басталған. Жұмысшылар саны аз, техника аз, ұйымдастыру деңгейі төмен. Мұны астаналық «Antarium Group» ЖШС салып жатыр. Біз құрылыс компаниясының басшысын шақырып жатырмыз. Олар жұмысын орындамай жатыр. Бұл компания тек бір емес, 4 мектеп құрылысын өз міндетіне алған. Олар: Ақтөбе қаласы Алтын орда ауданында 900, Кеңқияқта 600 орынды мектеп. Сонымен бірге осы компанияның Шұбарқұдық ауылы мен Қандыағаш қаласындағы құрылысы да проблемалы болып тұр. Әлі де жыл соңына дейін бітіреміз деп уәде беріп отыр,- деді Аслан Жарасбаев.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оның айтуынша, Ақтөбе қаласы Жаңақоныс-2 ауданында салынып жатқан мектепке қатысты сот отырысы өтіп, құрылыс тоқтап қалған.

– Облыс әкімдігі құрылыс Ақтөбе территориясында жүріп жатқан соң көмектеседі. Жер таңдау, инженерлік желілер тарту, құрылыс материалдарын алу кезінде де көмектемесіз. Ал 2025 жылы салынатын мектептерге қатысты айтар болсам, әлі конкурсы өтпеді,- деді ол.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын 14 мектепке 9 компания жауапты. Ал Шалқар ауданы Бозой ауылындағы апатты мектеп мәселесін шешуі тиіс жоба қазір тоқтап тұр. Себебі тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы келісімшарт үзілді.